
Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов үкімет отырысында Қазгидромет болжамын ескере отырып, аптап ыстық және құрғақ жаз мезгілінде барлық қызметтердің үйлесімді әрі жедел жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Ол дайындық шаралары жеткіліксіз болған аймақтарға ерекше назар аударды.
«Тексеріс көрсеткендей, Табиғи өрттердің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары барлық өңірде бірдей тиісті деңгейде іске асырылып отырған жоқ. Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы елді мекендердің айналасынан минералды белдеу жасау жұмыстары басталмаған. Далалы жерлерде, орманда өрт шығатын болса, бұл ауылдарға тікелей қауіп төнеді.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарында елді мекендердің аумағын қураған шөптер мен қоқыстардан тазарту жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілмеген.
Одан бөлек, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес.
Осыған байланысты өңір әкімдеріне биылғы маусымға дайындық жұмыстарын күшейтуді және бұл мәселені тікелей бақылауға алуды тапсырамын», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Атырау облысының орман шаруашылығында штатта өртке қарсы 12 көлік болуы тиіс, бірақ олар мүлдем жоқ.

Сонымен қатар, бұл аймақта өрт бақылау мұнаралары да жетіспейді. Жоспар бойынша олардың саны 4 болуы керек, бірақ іс жүзінде тек 2, ал олардың біреуі ғана пайдалануға дайын.

Атырау облысында өрт сөндіру станциялары жеткіліксіз – 11 станцияның тек 4-уі ғана бар.

Осыған қарамастан, 2025 жылы Атырау облысындағы өрт алаңы басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болды. Ірі өрттер 2 806 гектар аумақты шарпыды.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ