
Бұдан бірнеше жыл бұрын сібір жарасынан қайтыс болған адамдарды Мақаш, Бірлік, Орлы ауылдық округтерінің арнайы қорымында жерлеген. Бұл зираттарды қауіптілігіне байланысты оқшауландыру үшін қоршау жұмыстары жүргізілген. Бірақ бүгінде бұл зираттардың қоршауы сын көтермейді, қоршаулар құлап, ашық-тесік күйде жатыр.
Жалпы нақты дерек емес, 1956 жылы осы жерлерде сібір жарасынан бірнеше адам қаза болған деседі. Аса қауіпті ауруға жататындықтан осы сырқаттан көз жұмғандарды бөлек зиратқа көмген. Оқшауландыру үшін қоршау құрылысы 2017 жылы жүргізілген. Бюджеттен 26 млн теңге қаралып, «Декор» ЖШС зираттарды қоршау жұмыстарымен айналысқан.
Алайда сегіз жылдан кейін қоршаулар құлап, кей жерлері ашық-шашық күйде жатыр. Ашық-тесік жатқан зиратқа мал кіріп жатқанын жергілікті тұрғындар айтып отыр. Оған қоса, видеода жаңа зираттар да көрініп қалды.
Аудан әкімшілігінің берген ақпаратына сәйкес, бұл жерлерге ресми түрде жерлеуге тыйым салынған. Бірақ оны аудан әкімшілігі қайтыс болған адамдардың туыстары бейітті қалпына келтірген деген уәжбен түсіндіреді. Алайда мұндай жағдайларды бақылау және алдын алудың нақты тетіктері жоқ секілді.
«Зират округ көлеміндегі Иманов ауылы тұсында орналасқан және солай аталып кеткен. Бейіт қорымы аудандық ветиринариялық станса теңгерімінде. Мақаш ауылдық округі әкімі аппаратының өз тарапынан бүлінген қоршауларын, айналасын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу құқығы, мүмкіндігі жоқ», - деп түсіндірді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Осы бейіт қауымына қайтыс болған азаматтарды жерлеуге болмайтындығы жөнінде тұрғындар арасында түсінік жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан.
2022 жылдың қараша айында қауіпті деп танылған учаскелер ақаулық актісімен аудандық ветеринариялық станцияның балансына ресми түрде берілген. Содан бері, жергілікті биліктің айтуынша, жағдай «ерекше бақылауда» болған.
Бірақ, қоршаулардың жай-күйіне және жаңа қабірлердің пайда болуына қарағанда, бұл бақылау, жұмсақ тілмен айтқанда, қайта қарауды қажет етеді. Бір ведомство екіншісіне жауапкершілікті жүктегенмен, ауру ошақтары кездейсоқ өтіп бара жатқандардан бастап малға дейін ашық күйде қалып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА