
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртпен кездесті.
Тараптар Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын игеру, геологиялық барлау саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.
Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының сәтті аяқталуына тоқталып өтті. Бұл жоба елдегі энергетикалық қауіпсіздікті және тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі маңызды қадам болды.
ҚМГ басшысы өнеркәсіп қауіпсіздігінің жоғары деңгейін ұстап тұру үшін өндіріс нысандарына техникалық қызмет көрсету мен оларды уақтылы жаңғырту қажеттігіне назар аударды.
Сонымен қатар кездесуде «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) басшылық құрамы арасында қазақстандық кадрлар үлесін арттыру туралы атап өтілді. Бүгінде ТШО-да жұмыс істейтін отандық мамандар шетелдік тағылымдамадан өтті, сондай-ақ компанияда басшылық және басқарушылық лауазымдарға орналасу үшін тәжірибе алмасып, біліктілігін шыңдады.
Қарашығанақ кен орны бойынша тараптар қуаты жылына 4,5 млрд текше метр шикі газды құрайтын жаңа газ өңдеу зауытын салу бастамасын іске асыру барысын талқылады.
А.Хасенов Chevron компаниясына елімізде мұнай-газ химиясы саласын дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
- ҚазМұнайГаз Chevron компаниясымен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды және біз ортақ перспективті жобаларды іске асыру үшін өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз, - деді ҚМГ басшысы.