
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Шеврон» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы — Қазақстан мен әлемдегі жетекші энергетикалық компаниялардың бірі арасындағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі жағдайы мен келешегі.
Министр «Шевронмен» ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың маңыздылығын және компанияның Қазақстанның мұнай-газ секторы мен экономикасының дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті. Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін тұрақты әрі сенімді жағдайлар жасап келеді.
Негізгі жетістіктердің бірі — Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының (БКЖ) табысты аяқталуы. Бұл еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Кездесуде жобалық көрсеткіштерге қол жеткізу, өндірістік үдерістерді оңтайландыру, сондай-ақ өзара тиімді мүдделерді ескере отырып, Теңіздегі ынтымақтастықтың алдағы кезеңдері талқыланды.
Қазақстан тарапынан өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын сақтау, жабдықтарға уақытылы техникалық қызмет көрсету және жаңғырту қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ жобалардағы қазақстандық үлесті арттыру мен ұлттық кадрларды дамыту мәселелері көтерілді.
Мұнай-газ химиясы саласының келешегіне де баса назар аударылды. Полипропилен өндіретін кешенді қажетті шикізатпен қамтамасыз ету және полиэтилен өндірісінің негізі болатын газды бөлетін кешеннің құрылысы талқыланды. Қазақстандық тарап жергілікті бизнесті дамыту мақсатында өнеркәсіптік кластер құрудың маңыздылығын атап өтті.
«Біз «Шевронмен» әріптестікті жоғары бағалаймыз. Бұл серіктестік Теңіздегі БКЖ сияқты маңызды жобаларды іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы ынтымақтастық Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне сай келуі керек. Олардың қатарына Теңізді дамыту, қауіпсіздік стандарттарын сақтау, ұлттық кадрларды қолдау және мұнай-газ химиясын ілгерілету жатады. Біз ортақ мақсаттарға жету жолында ашық диалогқа дайынбыз», — деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Министр сонымен қатар ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету мақсатында жаңа газ өңдеу зауытының құрылысының стратегиялық маңызын атап өтті. Үкімет бұл жобаны жедел жүзеге асыруда консорциум акционерлерінің, соның ішінде «Шевронның» белсенді қатысуына сенім артады.
Тараптар мұнай тасымалдау бағыттарын әртараптандыру және ішкі нарықты тұрақты газбен қамту мәселелерін де талқылады.