
Алжир билігі француз елшілігінің 12 қызметкеріне ел аумағынан кетуге 48 сағат берді. Le Figaro басылымының мәліметінше, бұл 1962 жылдан бері болмаған жағдай, деп хабарлайды Коммерсантъ.
Франция мен оның бұрынғы колониясы арасындағы қарым-қатынас осы жылдың басында шиеленісе бастады. Сол кезде Ішкі істер министрі Брюно Ретайо алжир билігі Францияны «қорлауға тырысады» деп мәлімдеді, себебі олар француз билігі әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін елден шығарған азаматтарды қабылдаудан бас тартып отыр. Министр қатаң саясатты ұстануға және Алжирмен ашық дипломатиялық қарсыласуға шақырды. Атап айтқанда, Ретайо 1968 жылғы екі ел арасындағы келісімді бұзуды қолдайды, ол Алжир азаматтарына Францияда еркін қозғалу және тұру құқығын береді.
Өткен жұмада Париж прокуратурасы үш алжирлік азаматқа ауыр қылмыстар бойынша айып таққаннан кейін қақтығыс күшейе түсті. Олардың бірі Франциядағы Алжир консулдықтарының бірінде жұмыс істейді. Оларға 2024 жылдың сәуір айында алжирлік инфлюенсер және Алжир билігінің қарсыласы Амир Бухорды (Amir DZ) ұрлауға қатысы бар деп айып тағылды.
Алжир тарапы француз құқық қорғау органдарының бұл әрекетін жауапсыз қалдырмайтынын бірден мәлімдеді. Алжир билігінің нысанасына Франция Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері түсті. «Барлық депортацияланушылар Брюно Ретайоның бақылауында. Осылайша, бұл шешім Франция Ішкі істер министріне қарсы бағытталған. Бірақ Парижде жауап шараларын қабылдаудан басқа таңдау болмайды», – деп ескертті Le Figaro-ға Франция СІМ-нің дереккөзі.