Атырау, 24 сәуір 03:29
 ашықВ Атырау +24
$ 518.34
€ 591.06
₽ 6.27

Атырауды понтон көпірлер мен эстакадалар құтқара ма?

1 330 просмотра
ChatGPT жасаған сурет

Сәтпаев даңғылы мен орталық көпірді қайта жаңғырту жұмыстары қала тұрғындарын алаңдатып отыр. Олар бұл жұмыстар облыс орталығының жолдарында көлік коллапсын тудыруы мүмкін деген пікірде.

"АЖ" редакциясына Атырау қаласының тұрғыны Сергей Исенов жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша бірнеше ұсыныстарымен жүгінді. Оның пікірінше, бұл ұсыныстар ұзын-сонар кептелістердің алдын алуға көмектеседі, әсіресе жөндеу жұмыстары кезінде. Ол өз ұсыныстарын жазбаша түрде баяндады:

«Облыс орталығының автожолдарындағы жағдай кейде (әсіресе, қарбалас уақытта) көліктер санының артуы, жолдардың бастапқыда дұрыс жоспарланбауы және сәулет құрылыстары салдарынан қиын болатыны белгілі.

Бұл әсіресе Атыраудың сол жағалау бөлігінде айқын көрінеді:  әсіресе Азаттық даңғылы, М. Өтемісов және С. Датов көшелері, "Ағила" сауда орталығы маңындағы осы көшелердің қиылысы және одан әрі Балықшы ықшам ауданына дейін.

Мұның бәрі көптеген кептелістерге, қала тұрғындары мен қонақтарына жайсыздықтар әкеледі.

Осыған байланысты С. Датов көшесінде теміржолдың үстінен екі автокөлік эстакадасын салуды ұсынамын. Бұл жағдайда:

а) бірінші эстакада Г.Канцев көшесін Ақ депо ауданындағы Ақын-Сара өткелімен байланыстыру керек;

б) екінші эстакада Атырау магистральдық желі бөлімшесі кеңсесі («ҚТЖ» ҰК АҚ филиалы) мен Химпоселок ауданындағы Көкшетау көшесіне шығатын «Wildberries» пунктінің арасында орналасуы тиіс.

Жоғарыда аталған теміржол желісінің үстіндегі эстакадалар облыс орталығының орталық аудандарынан өнеркәсіп аймағына қарай жүретін автокөлік ағынын азайтуға, сондай-ақ Құттығай батыр айналма көшесі (солға) және З. Қабдолов даңғылы (оңға) арқылы қалаға кіру-шығуды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Әрі қарай. Сәтпаев даңғылын қайта жаңғырту және Орталық көпірді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде негізгі жүктеме Әлиев және Жилгородок көпірлеріне түседі, бұл көшелерде үлкен көлік кептелістерін тудыруы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін мамандандырылған ұйымдардан екі жиналмалы понтон көпірін сатып алуды немесе жалға алуды және оларды Жайық өзеніне уақытша орнатуды ұсынамын. Олар:

а) Ш. Уәлиханов және Б. Құлманов көшелерін (облыс әкімдігі ауданы);

б) М. Темірханов және Т. Шевченко көшелерін ("Орал" мейрамханасы ауданы) байланыстыруы тиіс.

Жоғарыда аталған жұмыстарды орындамас бұрын, понтон көпірлеріне тегіс кіру-шығуды қамтамасыз ету үшін жағалаудың плиталары мен парапеттерін бөлшектеу қажет.

Иә, понтондарды орнату кеме қатынасының тоқтау қаупін тудырады, бірақ бұл жерде де:

- Ж. Досмұхамбетов көшесіндегі пирс маңында (өзеннің төменгі ағысына бару үшін);

- қалалық Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы маңында (өзеннің жоғарғы ағысына бару үшін) су көлігінің қозғалысын бөлу арқылы шығу жолы бар.

Мысал ретінде, көршілес Астрахань облысында Красный Яр ауылындағы Бузан өзені арқылы понтон көпірі көп жылдар бойы қолданылып келеді (дегенмен, өту ақылы).

Қаржыландыру: бюджет қаражаты және қала құраушы кәсіпорындардың демеушілік көмегі – ТШО, NCOC, АМӨЗ және т.б.».

"АЖ" редакциясы осы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін түсіндіруді сұрап, қалалық әкімдікке сауал жолдады. Қала әкімінің орынбасары Тілек Махуовтың қолы қойылған жауап наурыз айындағы ұзақ мерекелер қарсаңында келді. Онда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бару ұсынылған. Айтпақшы, олар сырғытпа жауапты сол жерде дайындаған.

Дайындаған Лев ГУЗИКОВ

14 сәуір, 12:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.