Атырау, 24 сәуір 07:45
 бұлттыВ Атырау +22
$ 518.34
€ 591.06
₽ 6.27

​Береке ықшамауданының жас тұрғыны жол салуды өтінді

306 просмотра

Атырау қаласына қарасты Береке ықшамауданының тұрғындары жол мәселесіне байланысты белсенділерге шағымданып, көмек сұрады. Олар ықшамаудан құрылғаннан бері балшықтан көз ашпағандарын айтады. Әсіресе көктем мен күзде жауын-шашын кезінде жағдай тіпті қиындап кетеді.

Жиын барысында кішкентай мектеп оқушысының қала әкіміне видеоүндеуі жұртты бей-жай қалдырмады. Әліби есімді оқушы былай дейді:

– Мен Гагарин атындағы мектепте оқимын. Мектеп қалада, ал біз қаланың шетінде тұрамыз. Жолымызда бұрын асфальт болмаған, кейін тас төсеп қойды. Бірақ жаңбыр жауса, сол тас пен балшық араласып, көліктер өте алмай қалады. Біз етік киіп, сыртынан пакет орап жүреміз. Кейде балшыққа құлап, мектепке лас болып барамыз. Әкімнен өтінішім – бізге дұрыс жол салып берсе екен, – деді оқушы бейнежазбада.

Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл мәселе назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, қазір қала аумағындағы және ауылдық округтердегі жолсыз қалған учаскелер анықталып, жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

- Әзірленіп жатқан жоба аясында жалпы ұзындығы 66,8 шақырымды құрайтын 161 көшеге жол төселеді деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстары «Самал», «Өркен», «Атырау», «Береке» ықшамаудандарымен қатар Еркінқала, Алмалы, Қайыршақты, Дамбы ауылдарында да жүргізілмек. Жобалаумен «Улмад» ЖШС айналысып жатыр. Бейнежазбада тұрғындар шағымданған көше бұл тізімге енгізілген, - деді әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

14 сәуір, 11:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.