
ҚР Энергетика министрлігі Венгрияға «Дружба» мұнай құбыры арқылы мұнай жеткізуді бастау мүмкіндігін қарастыруда.
Қазіргі уақытта мәселе зерттелу кезеңінде, және ведомство атап өткендей, сынақтық транзитті іске қосу туралы шешім нарық қатысушыларының қызығушылығы мен техникалық факторларға байланысты болады.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қазақстандық мұнай компанияларынан сұраныстар түскен жағдайда, венгр және ресей тараптарының қатысуымен сынақтық режимді техникалық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
— Егер біздің мұнай өндірушілерден сұраныс болса, біз техникалық мүмкіндікті қамтамасыз етеміз, сынақтық режим өткізіп, осы транзитті жүзеге асыру бойынша венгр және ресейлік әріптестермен жұмыс істейміз, — деді министр.
Жоспарланған маршрут Еуропаға мұнай жеткізуге болатын қолданыстағы инфрақұрылымдық нысанды – «Дружба» магистральдық мұнай құбырын пайдалануды көздейді.
Еске салайық, 2025 жылдың ақпан айында Қазақстан мен Венгрия энергетикалық ынтымақтастықты тереңдету аясында мұнай жеткізуді бастау туралы алдын ала келісімге қол жеткізген болатын. Тараптар сынақтық жеткізуді осы жылы жүзеге асыруға келісті.