
Жайық өзенінде көктемгі су деңгейінің көтерілуі және балықтардың уылдырық шашу кезеңінің басталуына байланысты Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары су айдындары мен көктемгі тасқыннан кейін қалып қойған жайылма сулар мен су арналарына күнделікті бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізуде.
Инспекцияның балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашевтың айтуынша, балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасау мақсатында су айдындарындағы табиғи жыралар тазартылып жатыр.
– Егер қандай да бір аумақта балықтар мен шабақтардың көп мөлшері анықталса, оларды құтқару шаралары жедел түрде ұйымдастырылады. Атырау облысы аумағында тұрғындар балық пен шабақтардың көп шоғырланғанын байқаса, міндетті түрде Инспекцияға немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлауы тиіс, – деді А. Жұмашев.
Айта кетейік, 2024 жылы көктемде Жайық өзені арнасынан тасып, көп мөлшерде балық пен шабақтар жайылма сулар мен су арналарына кеткен болатын. Осыған байланысты инспекцияның бастамасымен Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында арнайы ау құралдарының көмегімен 140 миллион 660 мың дана балық пен шабақ құтқарылып, Жайық және Қиғаш өзендеріне жіберілді. Бұл – шамамен 1969 тонна.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0