
Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) елдегі тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін мемлекеттік төңкеріс әрекетін тоқтатты. Бұл туралы «24.kg» ақпарат агенттігі ҰҚМК-ға сілтеме жасап хабарлады.
Мәлімдемеге сәйкес, бір топ адам ұлтаралық алауыздық пен әлеуметтік наразылықтарды қоздыру мақсатында жалған бейнематериалдарды қолдануды жоспарлаған.
Атап айтқанда, шетелдіктер жартылай жалаңаш қырғыз қызын ұрып жатқанын көрсететін арандатушылық бейнероликті тарату жоспарланған.
ҰҚМК мәлімдеуінше, мұндай жалған ақпараттың мақсаты – «патриоттық сезімдерді қоздыру» және «жастарды наразылық әрекеттеріне жұмылдыру» болған.
«ҰҚМК қауіпсіздікті қамтамасыз ету, конституциялық құрылысты және азаматтық құқықтарды қорғау мақсатында ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерді анықтап, тоқтатты», – делінген мәлімдемеде.
Ведомствоның мәліметінше, арандатушылық әрекеттерді алдын ала жоспарланған сценарий бойынша әрекет еткен топ ұйымдастырған.
Жалған ақпарат таратудан бөлек, арнайы дайындалған қарулы топтарды қолдану жоспарланған.
Ұйымның басты мақсаты – шетел азаматтары тұратын және жұмыс істейтін аудандарда зорлық-зомбылық қақтығыстарын, сондай-ақ құқық қорғау органдары өкілдеріне шабуылдарды арандату болған.
Қырғызстандық БАҚ-тың хабарлауынша, бұл тәртіпсіздіктердің моделі 2024 жылдың мамыр айында Бішкекте болған оқиғаларға ұқсас, сол кезде Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен шыққан адамдар жаппай төбелес пен тәртіпсіздіктерден зардап шеккен.
«Барлық әрекеттер мемлекеттік билік органдарын беделсіздендіруге және елдің қазіргі басшылығына деген сенімді бұзуға бағытталған. Шетелден үйлестіріліп, қаржыландырылған ауқымды наразылықтарға жағдай жасау жоспарланған», – деп атап өтті ведомство.
Оперативтік іс-шаралар топтың әрекетін уақытылы анықтап, тоқтатуға мүмкіндік берді.
Арнайы қызметтердің мәліметінше, Қырғызстан аумағында әрекет еткен қатысушылар ұсталды. Алайда ұйымдастырушылардың бірі Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) болуы мүмкін екені хабарланды.
«ҰҚМК елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекеттерді қатаң түрде тоқтатуды жалғастырады және азаматтарды ұлтаралық келісім мен конституциялық тәртіпті бұзуға бағытталған арандатушылықтарға бой алдырмауға шақырады», – деп атап өтті ведомство.
В Атырау +4