
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «ЭксонМобил» компаниясының дәстүрлі мұнай өндіру мен ауыр мұнай өндіру жөніндегі вице-президенті Питер Ларденмен және «ЭксонМобил Қазақстан Инк» басқарушы директоры Сесиль Ролинмен кездесті, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Тараптар Теңіз және Қашаған кен орындарын одан әрі игеру мәселелерін талқылады. Сонымен бірге Теңіз кен орнының тұрақты дамуы мен перспективаларын айқындайтын Болашақ кеңейту жобасының сәтті аяқталуы атап өтілді.
А.Хасенов Теңіз кен орнын тиімді игеру және ұзақ мерзімді жоспарлау үшін жобалық құжаттар талаптарының сақталуын бақылау, сондай-ақ өнеркәсіп қауіпсіздігін жоғары деңгейде ұстап тұру үшін уақтылы инвестиция құю маңызына тоқталды.
Жоба аясында жергілікті кадрларды жұмысқа алу бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Бүгінгі таңда Теңіздегі отандық мамандардың үлесі 95%-ды құрайды. Жобадағы басшылық позицияларға қазақстандық қызметкерлерді тарту мақсатында олардың кәсіби дамуына басымдық берілуде.
Сонымен қатар, кездесуде қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мүмкіндіктері қаралды.
— Қазақстанда тауарларды локализациялауға жағдай жасау үшін жергілікті өндірушілерді қолдау — бұл басты міндет, — деп атап өтті ҚМГ басшысы.
Теңіз — шамамен 870 млн тонна мұнай қоры бар ірі кен орындардың бірі.
ҚМГ басшысы Қашағанды толық көлемде игеру жоспарына тоқтала отырып, тиісті бастамаларды кен орынды игеру жобасына енгізу арқылы оларды іске асырудың бұрын белгіленген мерзімін сақтау қажет екенін айтты.
Қашағанда өндіру жұмыстары басталған сәттен бастап алынған мұнайдың жиынтық көлемі 120 млн тоннадан асты.
— Біз ЭксонМобил компаниясымен көпжылдық табысты ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және серіктестікті барлық бағыт бойынша одан әрі дамытуға ниеттіміз, — деді А.Хасенов.