
Қызылқоға ауданына қарасты 9 ауылдық округтің 14 елді мекенінде су тасқынының алдын алу шаралары жүйелі түрде атқарылуда. Осы мақсатта 54 шақырым қорғаныш бөгеттері тұрғызылып, жоспар 100% орындалды.
Сонымен қатар, ауыл маңындағы бөгеттердің осал тұстарын бекіту және жаңадан салынған көпірлерді тасқын суынан қорғау мақсатында ҚР Ұлттық Ұланынан 60 жауынгер мен Төтенше жағдайлар департаментінің 37 қызметкері жұмылдырылды. Нәтижесінде, 17 500 қапшыққа құм толтырылып, қажетті аймақтарға төселді.
Қазір Ойыл өзені өз арнасымен ағып жатыр, өр суының келуі тұрақты бақылауда. Су деңгейі тәулік бойы қадағаланып отыр. Тасқын қаупін азайту мақсатында Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер бағытындағы автомобиль жолының 298-шақырымындағы «Кенен» көпірінде аудандық полиция бөлімі жүк көліктерінің жүруіне уақытша шектеу қойды.

Атырау облысындағы су нысандарының деңгейі мен жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу мақсатында «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалы мемлекеттік бақылау желісі бойынша деректеріне сүйенсек, 1 сәуірдегі гидрологиялық бақылау нәтижесі келесі ақпараттарды ұсынып отыр: Ойыл өзені (Миялы ауылы маңында) – таңғы 08:00 және 12:00 уақыттарында су деңгейі өзгеріссіз қалып, 564 см деңгейінде тұрақтады.
Аймақтағы су нысандарының деңгейі бақылауда, қазіргі уақытта су тасқыны қаупі тіркелмеген. Алайда, мамандар судың деңгейін тұрақты қадағалап, кез келген өзгерістер туралы тиісті органдарға ақпарат беріп отыр.
Жұмылдырылған күштер мен техникалар
Төтенше жағдайға қарсы күреске барлығы 144 адам және 66 техника жұмылдырылды:
- ТЖМ (Төтенше жағдайлар министрлігі) – 37 адам, 3 техника;
- ІІМ (Ішкі істер министрлігі) – 20 адам, 10 техника;
- ЖАО (Жергілікті атқарушы орган) – 67 адам, 53 техника;
- Еріктілер – 20 адам.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету мақсатында қосымша жабдықтар мен қажетті құралдар қоры толықтай жасақталған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА