
Индербор кентіндегі оңалту орталығының жөнделіп жатқанына бақандай төрт жыл болды. «Сақалды» құрылысқа айналған бұл ғимаратқа түрлі диагноздағы мүмкіндігі шектеулі балалар мұқтаж болып отыр. Өйткені тұрақты ғимаратқа жарымағандықтан әр жерде көшіп-қонып жүр. «АЖ» тілшісі кентте арнайы іссапармен болып, бұл қажеттілікті зерттеп көрген еді.
«ҚАШАНҒЫ КӨШІП-ҚОНАМЫЗ»
Аудандағы жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндізгі болу бөлімшесі КМК-і аудандық емхананың екінші қабатында уақытша орналасқан. 2018 жылы құрылған бөлімше Индер аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарайды. Бөлімше мүмкіндігі шектеулі психо-неврологиялық ауытқуы бар және тірек қимылы бұзылған балаларға арналған. Мұнда әзірге 1,5-18 жас аралығындағы 14 бала ғана қамтылыпты. Жалпы ауданда мұндай ерекшедегі балалар саны - 37.

Мекеменің ең басты проблемасы - өз алдына ғимараттың болмауы. Тұрақты ғимарат болмағандықтан жеті жылдан бері бөлімше көшіп-қонып, ата-аналардың ренішін туғызып жүр. Бұған дейінгі ғимараттан үш бөлме ғана бөлініп, қысылып-қымтырылып күн көрген. Мекеме 2025 жылдың 1 ақпанында аудандық емхананың екінші қабатына көшіп келіп, жеті бөлме беріліпті.
- Бірақ ол да тарлық қылуда, мәселен, балардың ойын бөлмесінде алты, кейде сегіз бала болады. Сондайда өте тар, өйткені бұл ерекше балалар болғандықтан олардың жүріп тұруы, жүгіруіне шектеу болмауы тиіс. Балаларға негізі сенсорный кабинет болуы керек, психолог дцп, аутизм диагноздағы балалармен жұмыс жасауы қажет. Яғни, балалармен жеке жұмыс жүргізілуі тиіс, бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ болып тұр. Қазіргі отырған орнымыз да уақытша, осы жылдың 1-ші тамызына дейін жалға алып отырмыз. Уақытша болғандықтан бөлімше бұл ғимаратта қала ма, жоқ па білмеймін. Өйткені кенттегі төрт қабатты оңалту орталығының жөндеуі бітпей жатыр дейді. Екінші бір мәселе, осы жылдың қаңтарынан бастап лицензия алуымыз керек еді,-дейді жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндізгі болу бөлімшесі КМК-ның директоры Айнагүл ЖӨКЕН.

Мекеме аудандағы ерекше балаларды толық қамти алмай отыр, өйткені оларды тасымалдайтын көлік жетіспейді. Бір ғана инватакси бар, оны 2019 жылы НКОК-тың демеушілігімен алынған. Ата-аналар балаларының денсаулығы үшін амалсыздан өз көлігімен, болмаса такси жалдап әкеледі екен. Тіпті оған да мүмкішілігі жоқтар да бар көрінеді, сол себептен бөлімшеге Жарсауат, Бөдене, Есбол, Аққала ауылдарынан балалар уақытында келе алмайды.
«Айта кету керек, ауылдар Жайық өзенінің екі жағында орналасқан. Ауданның бір бағытына инватакси барса, екінші бағытқа бару мүмкін болмай жататыны сондықтан, оның үстіне кенттегі балалар тағы бар. Инватакси жөнінде аудан әкімі орынбасарына айттым, алайда әзірге беріліп жатқан қосымша инватакси жоқ болып тұр. Сол себептен балаларды түгел қамту мүмкін болмай тұр», - дейді А. Жөкен.
ЕЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР БАЛАЛАР ҚАҢҒЫП ЖҮР
Индер ауданы білім бөліміне қарасты №3 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті КМК-де де жағдай жоғарыдай.
Маңдайларына жөні түзу ғимарат бұйырмағандықтан құрылғанына 20 жыл болса да бірнеше орынға көшкен, ескі балабақша ғимараты, аудандық білім бөлімі, аудандық аурухана, одан кейін «Болашақ» ықшам ауданындағы өнер мектебі...болып кете береді. Бөлінген бөлмелердің тарлығы әрі, шалғай орналасқандықтан балаларды тасымалдауда ата-аналар көп қиындықты бастан кешірген.

Бұл мекемеге инватакси қаралмаған, әр ата-ана балаларының денсаулығы үшін жеке көліктерімен немесе такси жалдап қатынайды. Ата-аналардың шағымынан кейін бұл іске аудан әкімшілігі араласып, прокуратураның бұрынғы ескі ғимараты өткен жылдың аяғында берілген болатын. Жалпы бұл кабинетте 139 бала білім алса, оның 31-і ауылдардан қатынайды. Кабинет сөйлеу дамуының кешігуі, интеллект бұзылыстары, қимыл-тірек аппаратының бұзылыстары, сөйлеу қабілеті бұзылған немесе дамуы төмен 3-18 жас аралығындағы балаларға көмектесе алады. Әдіскер Лунара ІЗТЕЛЕУОВАНЫҢ айтуынша қызметкерлердің жемісті еңбегінің арқасында қалыпты өмірге бейімделген балалар да бар екен. Жалпы мұнда балаларға арналған бес кабинет бар.
-Бірақ кабинеттердің қолайсыздығы болмаса жетіспеуі қиындық туғызып жүр. Сол себептен кейбір қажетті құрал-жабдықтарды пайдалана алмағандықтан қоймаға жинап қойдық. Негізі бізге жөндеуі толық бітпеген оңалту орталығынан орындар бөлінеді деген болатын. Бізге беріледі деген орындағы бөлменің терезелері ашылмайды, оның үстіне жылу батареялары өте аз, қыста суық болады. Бір сөзбен айтқанда біздің мекемеге қолайлы емес. Оны сол кездегі аудан әкімі болған Дарын ШАМҰРАТОВ та біліп, демеушілікпен арнайы ғимарат салынатынын айтқан болатын,-дейді кабинет меңгерушісі Тұрсын ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА.
Бірақ сол кезде айтылғанымен өз алдына бөлек ғимарат құрылысы басталмаған.
ТӨРТ ЖЫЛҒА СОЗЫЛДЫ
Кенттегі бұрынғы төрт қатарлы емхана босағаннан кейін күрделі жөндеуден өткізіп, замануи үлгідегі оңалту орталығы ашылады деген жоспар жасалған. 2021 жылдың наурызында 169 млн 823 мың теңгеге ең төменгі баға ұсынымын берген «SKS Инжиниринг» ЖШС ұтып алып, жеті ай ішінде күрделі жөндеу жұмысын аяқтауды міндетіне алып жұмысына кіріскен. Алайда жұмыс басынан қожыраған, не техникасы, не тұрақтық ұрылысшылары жоқ болғандықтан жұмыстары өнбей, жылдарға созылған. Медігер мекеме мен тапсырысшы кент әкімі арасында бірнеше рет сот процестері жүріп, жұмыс жайына қалады. Сот мердігерге құрылыс жұмысын аяқтауды міндеттесе де оны орындамайды. Негізі бұл мердігер өткен жылы басқа обьектілердегі шалажансар жұмысы үшін жосықсыз қатысушы деп танылған болатын. Бірақ оңалту орталығы жұмысына әлі жауапты.
-Кенттің орталығындағы оңалту орталығы пайдалануға беріледі дегеніне төрт жыл болған. Жеті айдың ішінде бітіреміз дегенімен ол уәдеге жетпеген. Бұдан бері үш рет аудан әкімі өзгерді, Мейрім ҚАЛАУИ, Дарын ШАМҰРАТОВ, Серік НЫСАНОВ. Бірақ әкімдер өзгергенімен құрылыс бітпей әлі тұр. Мемлекет қаржысын неге бөлесіздер әкімдер, неге жауапкершілік жоқ. Келеді, кетеді, ал балалар соның кесірінен зардап шегіп жатыр. Аудан әкімдерінен жауапкершілік неге сұралмайды,тезірек бітіріп, пайдалануға беріңіздер,-дейді қоғамдық белсенді Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.
-Құрметті облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ мырзаға жан айқайымызды жеткізгім келеді. Мына төрт қатарлы ғимарат қашан пайдалануға беріледі. Кезінде аудан әкімі Д. Шамұратов та шеше алмай, сотқа беріп қойдық деді. Бұл құрылысқа кім келіп, кім кетпеді. Басында қазақтар жасады, одан кейін өзбектер келді. Олар еңбекақыларын ала алмағаннан кейін жұмысты тастап кетті,-дейді кент тұрғыны Узбек АЛИЕВ.
Оңалту орталығының төбесінің кірпіштері құлап, әлден жарамсыз бола бастаған. Кейбір адамдардың айтуынша ғимараттың ішкі құрылысында кемшіліктер жететін көрінеді. Ғимараттың есігі құлыптаулы болғандықтан кіру мүмкін болмады.
-Мердігермен бірнеше рет сот процестері жүрген. Соттың шешімімен мердігерге обьектіні бітіріп тапсыру міндеттелген. Мен обьект жұмыстарымен таныстым, істері көңілге қонып тұрған жоқ, сапасыз жүрген десе болады. Енді жұмысы алған ақшасына сәйкес пе, соған сараптама тағайындап тексеріс жүруі керек. Содан кейін бұл мердігер жұмысты жалғастыруы тиіс, егер жұмысты сапасыз жүргізсе екіарадағы келісім шартты бұзып, қайтадан жобасына түзету енгізіп, басқа мердігермен ауыстыратын боламыз. «SKS Инжиниринг» ЖШС Қазақстаннан бірнеше құрылысты конкурспен жеңіп алғанымен олардың үстінен қылмыстық іс көтеріліп жатыр. Жалпы мердігер оңалту орталығына қаралған қаржының 70 пайызын алған, ал 50 млн теңге берілместен тұр. Оңалту орталығының жұмысын аяқтау үшін уақыт керек,-дейді аудан әкімі серік НЫСАНОВ.
Сараптама тексерісі, мердігерге міндеттеу, жобаға түзету енгізу... бұл әзірге бітпейтіні сөзсіз. Ал аудандағы түрлі диагноздағы балалар тұрақты ғимарат таба алмай қаңғып жүр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор