
Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәдениет және өнер саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Ол цифрлық трансформация жасанды интеллект пен үлкен деректерді өңдеуді қосқанда, деректерді талдаудың заманауи технологияларын енгізу арқылы шығармашылық жобалардың табысын болжауға бағытталғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік қызметтің 21 түрін көрсетіп отыр. Оның 12-сі толық, 8-і ішінара автоматтандырылған. 2024 жылы шамамен 530 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 67%-ы электрондық форматта ұсынылды.
«Біз Мәдениет министрлігінің 46 бизнес-үдерісіне реинжиниринг жүргіздік. Олардың 3-еуі кино жобаларын өндіруге, ал 3-еуі оларды таратуға қатысты», — деп толықтырды Жаслан Мәдиев.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында елімізде кино өндірісі саласындағы бизнес-үдерістер автоматтандырылып жатқанын хабарлады.
Ол бүгінгі таңда кино өндірісі бірқатар жүйелі мәселелерге, соның ішінде басы артық қағаз құжат айналымына, мемлекеттік қолдауды бөлуде цифрлық құралдардың болмауына және кассалық түсімдердің бұрмалану қаупіне тап болғанын атап өтті. Бұл фильмдердің кешігуіне, шешім қабылдаудағы субъективтілікке және қаржылық шығындарға әкеледі.
«Осы мәселені шешу мақсатында e-Kino ақпараттық жүйесі әзірленді, ол үдерістерді автоматтандыруды қамтамасыз етуі, бюрократиялық кедергілерді болдырмауы және AI және Big Data арқылы шешімдердің субъективтілігін барынша азайтуы тиіс. Сондай-ақ билет қызметтерімен интеграциялау көлеңкелі айналымды жояды, ал цифрлық экожүйе, соның ішінде стриминг платформалары мен краудфандинг, киноиндустрияның ашықтығы мен тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, жаңа қаржылық мүмкіндіктер жасайды», — атап өтті Жаслан Мәдиев.