
«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының геологиялық барлау және перспективалық жобалар жөніндегі орынбасары Ұлан Бүркітов Атырау облысындағы Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд м3 болатын газ өңдеу зауыты құрылысының барысын тексерді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Тексеріс барысында негізгі мердігер «Kazakh Construction Group» ЖШС-мен құрылыс маусымының басталуына байланысты жұмыстардың қарқынын жеделдету қажеттілігі талқыланды. Құрылыс жұмыстарының үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз ету үшін мердігерлерге материалдар мен жабдықтарға уақытында тапсырыс беру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, жиналыс кезінде HSE және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына ерекше назар аудару тапсырылды. Құрылыс алаңында су тасқынынан қорғау шараларын жүргізу де қарастырылды.
Сондай-ақ, жер жұмыстары мен бетон жұмыстарын орындау үшін қосымша субмердігерлік ұйымдарды тарту мәселелері талқыланды. Қазіргі таңда бір мердігерлік ұйымның қызметкерлері құрылыс алаңына жетіп, жұмысқа кірісті.
Сапар нәтижесінде басқарма төрағасының орынбасары құрылыс жұмыстарының, әсіресе жабдықтар мен металл құрылымдарын монтаждау бойынша айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап өтті.
Құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі жағдайы:
- Жалпы 977 адам мен 187 техника тартылған;
- Свайларды орнату жұмыстары толықтай аяқталды (4 541 бірлік);
- ГКДҚ негіздерін бетондау жұмыстары 57%-ға орындалды (66 812 м³-ден 38 512 м³);
- Металл құрылымдарын монтаждау 14,3%-ға орындалды, (19 323 тоннадан 2 389 тн);
- Механикалық жабдықтарды монтаждау 15,2%-ға орындалды, (9 939 тоннадан 1 508 тн).
Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы жоспарға сәйкес жалғасуда, жұмыс қарқыны артып, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау үшін қосымша ресурстар тартылуда.