
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Total Energies компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және президенті Патрик Пуяннемен кездесті, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелері мен өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. ҚМГ басшысы Солтүстік Каспий жобасы Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Басты міндет — Қашаған кен орнын толық игеру, соның ішінде болашақта оны кеңейтудің 2Б кезеңі жобасы және басқалар.
— ҚазМұнайГаз серіктестермен бірлесе отырып, ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Отандық кәсіпорындарды қолдау және ұлттық экономиканы нығайтуға бағытталған елішілік құндылықты дамыту стратегиялық басымдық болып қала береді, — деді ҚМГ басшысы.
Сондай-ақ жаңартылатын энергетиканы дамыту саласындағы Total Energies-тің үлкен тәжірибесін ескере отырып, осы саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Әсіресе парниктік газдар шығарындысын азайтуға ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын «Мирный» жел электр станциясын салу бойынша ортақ жоба шешуші рөл атқарады. Аталған жоба Париж келісімі аясында Қазақстанның декарбонизация жөніндегі мақсаттарына қол жеткізу жолындағы маңызды қадамның бірі.
Бұдан басқа кездесуде тараптар көміртекті тұту, сақтау және кәдеге жарату (CCUS) жобасын жүзеге асыру мәселесін қарастырды. ҚМГ TotalEnergies компаниясының Норвегиядағы «Солтүстік шұғыласы» сияқты CCUS пилоттық жобаларын іске асырудағы тәжірибесін зерттеуге қызығушылық танытты.