
«Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Батыс Прорва кен орнындағы N437 ұңғымада газ шығуы толықтай тоқтатылды, деп хабарлады ҚМГ баспасөз қызметі.
2025 жылғы 8 наурыз сағат 16:40-та «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Батыс Прорва кен орнындағы N437 ұңғымада газ шығуы толықтай тоқтатылды. Ұңғыма тығындалды, «Ақ Берен» ЖШС әскери авариялық-құтқару қызметінің көмегімен ұңғыманың сағасына әмбебап гидравликалық превентор қойылды.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың 6 наурызында Батыс Прорва кен орнындағы консервацияда тұрған N437 ұңғымада перфорациядан кейін, сорапты-компрессорлық құбырды (СКҚ) түсіру кезінде газ шығуы орын алды.
Осыған қатысты «Ембімұнайгаз» АҚ жедел штабы құрылып, «Ақ Берен» ЖШС ӘАҚҚ, «Семсер - Өрт сөндіруші» ЖШС, «СОП Атырау» ЖШС мобильді күзет құрылымдары тартылды.
Оқиға орнында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылдановтың басшылығымен мамандар тобы жұмыс жасады.
Ұңғымада өрт шыққан кезде Атырау облысының ТЖД күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының ТЖД күштері мен құралдары қосымша тартылды. ТЖД күштері өртті сөндіру, салқындату жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ оттың таралуын болдырмау үшін бақылауды жүзеге асырды. ҚР ТЖМ-нен 66 құтқарушы, 17 техника бірлігі жұмылдырылды.
Тиімді ұйымдасқан жұмыс нәтижесінде апат толықтай жойылды, қаза тапқандар мен зардап шеккен адам жоқ.