
Атырау қаласының тұрғыны Әсемгүл Сапарова жұбайы Нұржігіт Рахымжановпен және оның ағасымен бірге 30 мың қызғалдақ өсіріп, көктемнің басты мерекесі – 8 наурыз қарсаңында нәзік жандыларға ерекше сый дайындады.
Олар отбасылық кәсіпті төрт жыл бұрын бастаған. Бастапқыда олар өз көлікжайларында 5 мыңға жуық қызғалдақ егіп, тәжірибе жасап көреді. Нәтиже өздері күткеннен де асып түскен соң, гүл шаруашылығын әрі қарай дамытуды шешкен.
2022 жылы Нұржігіт Рахымжанов мемлекеттік грант байқауына қатысып, 1,2 миллион теңге ұтып алады. Бұл қаржыға кәсіпкерлер Голландиядан 11,5 мың қызғалдақ түбіріне тапсырыс берді.
— Бұл кәсіпті бастауды жолдасым ұсынды. Ол көктем сайын анасына, жеңгелеріне, қыздарға гүл сыйлайтын. Гүл сататын дүкендерде Голландиядан әкелінген қызғалдақтарға сұраныстың жоғары екенін байқап, “Неге өзіміз өсірмеске?” деген ой келді. Осы идеяны жүзеге асыру үшін Нұржігіт “Болашақ” жобасына қатысып, тәжірибе жинады, – дейді Әсемгүл.
Бүгінде отбасылық кәсіпте 6 адам тұрақты жұмыс істейді. Алғашында көлікжайда өсірілген гүлдерге күтім жасау қиындық тудырған соң, олар арнайы жылыжай салып, кәсібін кеңейтті. Қазіргі таңда жылыжайда 30 мыңға жуық қызғалдақ өсірілуде.
Әсемгүлдің айтуынша, жақында Махамбет ауданы Жалғансай ауылынан мемлекеттік қолдау арқылы жер алып, ол жерге пион және құлпынай дақылдарын егіп қойған. Алдағы уақытта 5 тонна құлпынай мен 2 мыңға жуық құлпынай гүлін алуды жоспарлап отыр.
— Біз әлі де үйреніп жатырмыз. Өсімдіктермен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір қателік бүкіл еңбекті зая кетіруі мүмкін. Сондықтан жыл сайын білімімізді жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеруге тырысамыз. Әсіресе, классикалық қызыл, қызғылт, сары және ақ түсті қызғалдақтарға сұраныс жоғары. Көктемнің басты символына айналған бұл нәзік гүлдер 8 наурыз қарсаңында әп-сәтте сатылып кетеді, -дейді Әсемгүл.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ ұсынған суреттер