Атырау, 26 сәуір 1114
 бұлттыВ Атырау +21
$ 515.03
€ 584.82
₽ 6.24

Ұлжан әженің жүзінші көктемі

1 481 просмотра

Қызылқоға ауданының құрметті азаматы, тыл ардагері Ұлжан ТЕМІРБОЛАТОВА жуырда ғана 100-ші көктемін қарсы алды. Тағдыр тауқыметін жеңіп, ғасыр жасаған әжейдің өмір жолы оңай болған жоқ. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «АЖ» тілшісі әжеймен тілдескен еді.

Ұлжан әжей 1925 жылы 25 ақпанда Атырау облысы Индер ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы 1931-1932 жылдардағы аштық кезеңімен тұспа-тұс келіп, балалық кезеңі болмады десе болады. Сол жылдары «Аша тұяқ қалмасын» деп бар дүние-мүлікті, қолдағы азын-аулақ малды дым қалдырмастан әскерилер сыпырып алып кеткеннен кейін ішерге тамақ жоқ ел жұрттарын тастап босып кетті. Жыбырлағанды ас қылған ол кезеңді әжей ауыр күрсіне ой елегінен өткізген еді. Жайық өзені бұлардың жанын сақтап қалады. Ағайын-тума болып бірігіп, өзеннің балығын аулап күн көреді.

«Үлкендерден небір сұмдықты естідік қой, бір жұтым тамақ үшін өз туған балаларын айырбастағандар да болыпты. Жоқтық не істетпейді, аштықтан көздері көруден қалғандардың бұл әрекеттеріне не дерсің» деп еске алды Ұлжан әжей күрсіне.

Тағдыр тауқыметі мұнымен бітпеді, аштықтан енді ес жия бастаған елді тағы бір зұлмат күтіп тұрған еді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, елдегі еркек кіндіктілер сұрапыл соғысқа аттанса, ал Ұлжандар тылдағы еңбекке жегіледі. Фашистер Астрахань теміржолын бұзып кетіп, оны қалпына келтіруге оншақты қызбен Ұлжан да аттанады. Барлық жұмыс қолдың күші, күректің ұшымен атқарылатын еді. 17-18 жастағы талдырмаш денелі нәзік жандылар осы ауыр еңбекті қолдап атқарды.

- Теміржол жұмысы өте қиын болды, жер қаздық беліміз бүгіліп. Одан қалса релстерді орналастыру да күшпен жасалатын, техника тапшы. Бір жағынан фашистер де тыным бермей, ұшып келіп оқ жаудырып кетеді. Ондайда арнайы дайындап қойған шұңқырға тығыламыз. Жұмыс орнымызда оқтар жайрап жатады, қолдап соғыспасақ та фашистердің бұл ылаңын көзбер көрдік қой,-деп еске алады Ұлжан әжей.

Төрт жыл қырғынан аман келген ҰОС ардагері Мәтжан ҒҰБАЙДУЛЛИНМЕН 1947 жылы қол ұстасып, шаңырақ көтерген Ұлжанның отбасылық өмірі басталады. Ол сегіз құрсақ көтереді, алайда оның үшеуі кішкентай кезінде шетінеп кеткен еді.

Жас отбасы Индерден Доссор полселкесіне көшіп келіп, сегіз жылдай тұрғасын 1956 жылы жұмыс барысымен Миялы ауылына көшіп келеді. Осы ауылға тұрақтап, Ұлжан әже «ПМК-907» мекемесіне сылақшы болып орналасып, ұзақ жылдар еңбек етеді. Осындағы ғимараттарда Ұлжан әжейдің қолтаңбасы бар.

Кейін балалардың қамымен қосымша жұмыс жасап, кинотеатрда от жағушы, әкімшілікте еден жуушы болып қызметтер атқарады. Еңбек десе ерінбейтін Ұлжан Темірболатованың елге жасаған қызметі ескеріліп, ауыл Советінің екі дүркін депутаты болған еді.

Осыншама тағдыр тезінен өткен Ұлжан әжейдің 1987 жылы жан жары Мәтжан дүниеден өтіп, ах ұрады. Ол аз болғандай кіші қызы Дина ауыр науқастан, кенже баласы мен кліні Беркін мен Толқыны жол апатынан өмірден өтеді. 

Бұл қайғылы жағдайға төтеп берген әжей (Алла ісіне шара бар ма) морт сынбады. Оңай емес, бауыр еті баласынан айрылу...

«Орнында бар оңалар» дегендей Ұлжан әжей аппақ қылып бағып, асты-үстіне түсіп отырған немересі Талғат пен келіні Жазираға дән риза. Құлағы естіңкіремегенмен көзі жақсы көретін Ұлжан әжейге немересі Айдархан барлық жаңалықты жеткізіп отырады. Қолы бос қария өткенді ұмытпайды, шөберелеріне батырлар жырын жырлап жеткізеді. Ертегіні тыңдап өскен шөберелеріне Қобыланды батыр жырын жеткізуші де Ұлжан әжей. 

Аудан әкімі Қанат АЗМУХАНОВ ғасыр жасаған әжейді арнайы құттықтаған болатын. Ақпан айының аяғында туған-туыс, ағайынның ортасында Ұлжан әжейдің 100 жасқа толуы мейрамханада тойланды. 

Ән айтылып, күй шертілген бұл тойда «Бақытты болыңдар, дендерің сау болып, ел тыныш болсын. Менің бейнетімді емес жасымды берсін Сіздерге» деп бата тілеген Ұлжан әжей қандай құрметке де ие еді. Ғасыр жасаған әжейді «АЖ» редакциясы атынан 8 наурыз мерекесімен құттықтап, мықты денсаулық, мәнді өмір тілейміз.       

Ләззат ҚАРАЖАНОВА   

7 наурыз, 17:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.