
5 наурыз күні Махамбет ауданы Талдыкөл ауылының 50 шақты тұрғыны наразылық танытып, жолға шығып, өз талаптарын билік басындағыларға ашына жеткізді.
Ауылға кіре беріс 6,2 км болатын кірме жол тұрғындардың әбден ығырын шығарған. Аудандық әкімшілік жыл сайын уәде бергенімен жолдың нақты қашан қалыпқа келетінін айта алмауда.
Талдыкөл ауылында 1230 тұрғын бар. Ауылдың адамдары жұмыс көзінің қат болуынан басым бөлігі күн сайын жақын орналасқан Атырау қаласына барып келіп, нәпақасын тауып жүр. Бар керегін қаладан таситын ауыл адамдары үшін жол қатынасының қиындығы әсіресе, қар ерігенде, болмаса жаңбырлы лайсаң күндері қалдерін тіпті қиындатып, азапты күндер басталады екен. Осы жолдың жайсыздығынан көлік апаты да кездесуде, тіпті бір отбасы қырылып қала жаздаған.

- Он жыл болды, жиналыс жасайды, уәдені үйіп-төгіп береді де кетеді. Неге азамат атына сай емес бұлар, уәделерін неге жұтады? Болмаса жұмыстарын тастасын қолдарынан келмесе. Жылы орын керек пе, әлде қорқасыңдар ма? Қаншама адам зардап шегіп жатыр, халыққа жандарың ашымай ма?-дейді ашынған талдыкөлдіктер.
Ауыл өткен жылы су тасқыны кезінде де көп қиындық көрген. Көктемгі тасқын кезінде ағынды су ауылды қоршап, кірме жолды шайып кеткен еді. Ауыл адамдары эвукацияланып, қайықпен қатынасып, кейін су тасқыны қайтқасын кері келгенімен тас-талқаны шыққан кірме жол сол күйінде қалды.

2023 жылы Талдыкөл ауылының кірме жолдың жөнделуіне бюджеттен 1 млрд 984 млн теңге қаралады. Сол жылдың тамыз айында Махамбет аудандық ТҮКШ мен мердігер «АВС Лимитед» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, құрылыс-монтаждау жұмысын бастайды. Келісім шарт бойынша жолдың күрделі жөндеуі 2024 жылы аяқталуы керек еді. Тек жұмыстың 500 метрі ғана жасалып, тиісті қаржы төленеді. Сметалық жобада ауытқушылық болғанын аудандық әкімшілік жасырмайды, оның үстіне су тасқыны болып жасалған жұмыс зая кетеді.

- 2024 жылы су тасқыны салдарынан жолдың негізгі қабаты аса үлкен зақым алып, жұмыстар тоқтатылған болатын. Нысанның конструциясының зақым алу себебінен жобаға түзетулер енгізу туралы шешім қабылданды. Тас жолдың негізгі қабатын күрделі жөндеу, 12 дана су өткізу темір бетон тұрбалары, 4 жерден мал өткізу өткелі және тас жолдың негізгі қабаты «ресайтлирование» әдісін қолдану қосымша жұмыстарымен жобаға өзгерсітер енгізіліп отыр. Қазіргі таңда ЖСҚ толықтай жасақталып, облыстық бюджеттік коммиссияға ұсынылған болатын. Енді комиссия шешімі күтілуде,-дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат АЙМҰРАТОВ.
Жол азабын тартқан Талдыкөл ауылының тұрғындары бұл мәселеге облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТЫҢ араласуын қалап отыр. Әйтпесе сағызша созылған жолдың қашан бітері белгісіз болып тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау 0