Атырау, 22 желтоқсан 22:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

​Атырау облысының дүкендерінде қауіпті снектер жоқ

632 рет қаралды

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары күмәнді тіскебасарларды (снектерді) жеп, жаппай уланғаннан кейін, Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дүкендерде сатылатын снектерге мониторинг жүргізуде. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің зерттеу нәтижелері бойынша бұл өнімдердің құрамында тағамдық қоспалар – дәм күшейткіштер бар екені анықталған. Атап айтқанда, натрий глутаматы (Е621), натрий гуанилаты (Е627), натрий инозинаты (Е631) сияқты қоспалардың өндірісте қолданылуы Техрегламенттердің талаптарында белгіленбеген.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (СЭБК) мәліметінше, дәм күшейткіштері бар өнімдерді шамадан тыс тұтыну артық тамақтануға, кейіннен семіздікке алып келуі мүмкін. Сондай-ақ, олар аллергиялық реакциялар тудыруы, ас қорыту жүйесінің бұзылуына, күйдіргіге себеп болуы ықтимал.

Еске салсақ, 18 ақпан күні Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Қобыланды батыр атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Қытайда өндірілген «DALONGXIA CHUANXIANGYU FOODS» маркалы, «Лобстер» дәміндегі ащы снекті сыныпқа алып келген. Нәтижесінде 23 оқушы уланып, 7 балаға «Токсикалық-аллергиялық сипаттағы тағамдық улану», ал 16 балаға «Пакетті ашу кезінде өткір ингаляциялық улану» диагнозы қойылды.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, облыс аумағында 102 сауда нүктесінде тексеріс жүргізілген. Алайда, аталған снек дүкен сөрелерінен табылған жоқ. Бақылау жұмыстары жалғасуда, алдағы уақытта күмәнді өнімдер анықталған жағдайда олар ұлттық сараптама орталығына жіберілетін болады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

5 наурыз, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.