
Қоғам белсендісі Аслан ОМАРОВ әлеуметтік желідегі парақшасында Қашағанға қарай бет алған NCOC СВП кемесі 25-30 см қалыңдықтағы мұзды жарып өтіп, салдарынан мұз астындағы балықтар су бетіне шығып, қырылып жатқанын хабарлады.
Оның айтуынша, қар жауып, қар мен мұздың астында қалып қойғандықтан балық өлекселері әлі де көбейеді.
Балықтың қырылуы ақпан айының ортасында Приморск каналында, ал айдың аяғында Жайық өзенінің сағасында, Дамба ауылындағы 4-ші және 6-шы өзектердің ортасында байқалды. Омаров жауапты органдарды осы жағдайға назар аударып, шара алуға шақырады. Біз NCOC компаниясынан түсініктеме күтеміз.
Облыстық мәслихат депутаты Арман ХАЙРУЛЛИН бұған дейін кеме өзеннің экожүйесіне айтарлықтай зиян келтіргенін, келтірілген шығын көлемі 507 935 теңге болғанын мәлімдеген еді.
«NCOC секілді алпауыт үшін бұл мардымсыз сома. Компания халықтан кешірім сұрап, осы мәселе бойынша жеке бағдарлама әзірлеп, қоғамдық тыңдаулар өткізуі керек", - деп жазды ол.
«Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы (бұдан әрі – инспекция) 2025 жылғы 22 ақпанда Дамбы инспекциясы бөлімінің қарамағындағы аумақта балық қорын қорғау бойынша күнделікті іс-шаралар кезінде заң бұзушылық тіркелгенін хабарлады.
Жайық өзенін кесіп өтетін Приморск каналының (ерекше қорғалатын табиғи аумақ) аймағында Каспий теңізінен СКЭБР базасына қарай бет алған «Каспиан Фалькон» аэро-кемесі шамамен сағат 11:00-де мұз жамылғысын жоғары жылдамдықпен кесіп өтті. Күшті ауа ағыны мен толқын әрекетінің нәтижесінде мұз жарылып, қара балық шабақтары жағаға шығып, құстардың жеміне айналды.
23 ақпанда сағат 14:25-те Дамбы инспекция бөлімінің қызметкерлері бақылау іс-шараларын жүргізіп, тағы да осындай оқиғаны тіркеді: Приморск каналының бойымен Пешной ауылына қарай бағыт алған «Каспийан Фалькон» әуе кемесінің жоғары жылдамдықпен мұз айдынын жарып, толқын көп мөлшерде балық шабақтарын жағаға лақтырған анықталды. Бұл факт бейнежазбаға түсіріліп, өлі шабақтар жиналып, ресми шешім шыққанша сақтау үшін арнайы мекемеге тапсырылды.
Жиналған өлі шабақтардың жалпы салмағы 128 кг, оның ішінде: 38,8 кг (127 бас) сазан және 89,2 кг (527 бас) мөңке балығы.
Аталған факті бойынша инспекция NCOC компаниясынан келтірілген шығынды өндіру туралы құзырлы органдарға №30,5-02/375 талап-хат жолдады. 2015 жылғы 3 желтоқсандағы №18-03/1058 бұйрығына сәйкес балық ресурстарына келтірілген шығын сомасы есептеліп, 507 935 теңге 76 тиынды құрады. Хаттың көшірмесі Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жолданды.
27 ақпанда Дамбы инспекциясы бөлімінің қызметкерлері NCOC ИЛ ЖНС «ECO AIR» өкілдерімен бірге қосымша зерттеулер жүргізді. Приморск каналы аймағындағы Жайық өзенінен су сынамалары, сондай-ақ зертханалық талдау үшін өлі шабақтардың 20 сынамасы (10 сазан және 10 мөңке) алынды.
Толық ақпарат қрсымша хабарланады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +4