
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет МҰҚАЕВ әлеуметтік желіде Қазақстанның бірнеше өңірінде 8 наурызда көп балалы аналарға біржолғы сыйақы төленетінін хабарлады. Төлемдер мөлшері 2 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейінгі аралықта. Алайда Атырау облысы бұл тізімге енген жоқ.
Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет ХАСАНОВ мұны растап, мұндай төлемдер үшін облыс әкімінің қаулысы қажет екенін айтты. Оның айтуынша, облыста «Күміс алқа», «Алтын алқа» иеленген және «Батыр ана» атағын алған 10 532 ана бар. Бірақ қазіргі уақытта біржолғы төлемді жүзеге асыру үшін нормативтік акт, атап айтқанда облыс әкімінің қаулысы жоқ.
«Аналарға көмек» қоғамдық қорының жетекшісі Сандуғаш КӨКЕНОВА Атырау облысындағы көп балалы аналар ұмыт қалды деп есептейді. Кейінірек ол әлеуметтік желіде өзінің наразылығын білдірді:
– Атырау облысы – бүкіл Қазақстанды асырап отырған өңір, әрі лас ауаны жұтып отырған біздің аналар не себепті лайық болмай қалды осы премияға? Депутаттар қайдасыңдар? «Аманат» партиясы, қайдасыңдар? Неге осының бәрін ескермедіңдер? Неге оның ішінде Атырау аналары жоқ? – деді Кукенова. – Қазақстанның бірнеше өңірінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналарға біржолғы төлемдер берілуде. Алайда, Атырау облысында мұндай төлем қарастырылмаған. Бірақ Атырау облысында бұл төлемнің жоқтығы көпбалалы аналар үшін әділетсіздік болып отыр. Көпбалалы аналар – қоғамның тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Сондықтан барлық өңірдегі аналарға тең мүмкіндік жасалуы тиіс. Атырау облысының әкімдігі бұл мәселені қайта қарап, аналарға лайықты құрмет көрсетеді деп үміттенеміз!
Қазақстанның кейбір өңірінде, соның ішінде Түркістан облысында да көп балалы аналарға шынымен де бір реттік сыйлықақы төленеді. Бұл төлемдер «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларының иегерлері мен көп балалы аналарға арналған. Мәселен, Түркістан облысында мұндай көмекті 63 мыңнан астам әйел алатын болса, төлем сомасы орта есеппен 7 864 теңгені құрайды.
Полымбет Хасанов Атырау облысында мұндай төлемдер әзірге қарастырылмағанын, алайда бұл мәселе алдағы уақытта қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ ол 7 және 9 мамыр Жеңіс күніне орай тәжік-ауған соғысы ардагерлері мен еңбек ардагерлеріне біржолғы жәрдемақы төленетінін айтты.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -1