
1 наурыздан бастап көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Атырау қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы Құрманәлі Жүнісбековтің мәліметінше, 2025 жылдың көктемгі жүктемесіне сәйкес Атырау қаласы бойынша 300-ге жуық азамат шақырылмақ.
Мамыр айының соңына дейін жалғасатын шақыру науқанына әскерге барудан кейінге қалдыруға немесе бас тартуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы жастар қамтылады. Шақырту алған азаматтар алдымен медициналық тексерістен өтіп, зерделеу жұмыстарынан өтеді.
Атырау облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Руслан Ануаровтың айтуынша, әскери қызметте тәртібі жақсы болып, жауынгерлік дайындықта үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға еліміздің кез келген жоғары оқу орнына грантқа түсу мүмкіндігі беріледі. Бұл жеңілдік әскери борышын өтеп келген азаматтарға ғана емес, әскери қызмет кезінде оқуын жалғастырған сарбаздарға да қатысты.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -10