
Атыраудағы Жұлдыз-1,2 және Геолог ықшамаудандарындағы үйлердің кәріз жүйесін орталық желіге қосу жұмыстарына 100 млн теңге бөлінді. Жұлдыз ықшамаудандағы жобаның құны 5,9 млрд теңгені, ал Геолог ықшамауданындағы жұмыстардың жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайды.
Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, бастапқы жұмыстарға қаражат бөлуді өткен мәслихат сессиясында депутаттар мақұлдаған. Қазіргі уақытта тендерге қою үшін құжаттары әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, соңғы жылдары Атырау қаласының бірнеше ықшамауданында кәріз суының жиналуынан тұрғындар жиі шағымданып келеді. Әсіресе, көктем мезгілінде қар еріп, жауын-шашын күшейгенде, аулаларды су басып, жерасты суларының көтерілуі жеміс ағаштарының қурауына әкелген болатын.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қаңтар айының соңында Жұлдыз ықшамауданында жерасты суларының көтерілуіне байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Сол кезде әкімдік мәселенің маңыздылығын ескеріп, пилоттық жоба ретінде Жұлдызда кәріз суын соратын иглофильтр орнату жұмыстарын бастаған еді.
Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі кезде Өркен, Атырау, Жұмыскер-2, Сарықамыс, Балауса, Самал, Нұрсая, Мясокомбинат, Жерұйық, Лесхоз-2 және Мұнайшы ықшамаудандарындағы жеке секторларды орталық кәріз жүйесіне қосу бойынша да жобалық-сметалық құжаттар дайын. Дегенмен кейбірінің құжаттары сараптама болғандықтан, барлық құжат дайын болған кезде, қаржыландыру мәселесі қарастырылады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -10