
26 ақпан күні Индер ауданы Көктоғай ауылының жүздеген тұрғыны мал ұрлығының көбейіп кетуіне байланысты мәдениет үйінің алдына жиналып, наразылық танытты. Әбден мазасы қашқан жергілікті тұрғындар жыл сайын ақ адал малдарының қолды болуына ашынуда.
«Малымыздың терісін базардан таптық»
«АЖ» тілшісі мән-жаймен толығырақ танысу үшін Көктоғай ауылына арнайы барды. Орталықтағы мәдениет үйінің алдына жиналған көпшілік соңғы кезде өрістегі жылқылардың үйірлеп із-түссіз жоғалуын ашына жеткізді. Индер ауданының Көктоғай ауылы көршілес Махамбет ауданымен шекаралас, арақашықтығы 50 шақырым. Бір-біріне жақын орналасқандықтан ауылы аралас, малы қоралас, жайылыстары да бір. Жоғын жоқтап, барын түгендеп отыратын жеке чаттары да бар.
- Біздің жиналуымыздың себебі соңғы кезде ауылымызда мал ұрлығы өте көбейіп тұр, бұрыннан бар, дегенмен бұл жолғысы тым сорақы болды. 24 ақпан күні түнде Махамбет ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері барымташыны ұстап, КаМАЗ көлігіне тиеген жылқылардың иесін іздеген хабары жетті. Ауыл тұрғындары барып малды қарады. Сөйтсек ол екі көктоғайлық тұрғынның жылқылары екен. Көлікте ұрланған 15 жылқы бар болып шықты, сол жерде түсіріп алып өріске жібердік. Күні бұрын ұрылар 23 ақпан күні бір топ жылқыны Береке ауылындағы «Ерсайын» мал базарына апарып сойған. Онысымен шектеліп қоймай құныққан ұрылар ертесіне, яғни 24 ақпан күні екінші рейс апара жатқанда ұсталып тұр. Бұдан кейін мал сою цехына, яғни базарға құқық қорғау қызметкерлерімен бірлескен тексеріс жүргіздік. Жылқының біразы сойылған, оны біз мал терісіндегі таңбасынан кімдікі екенін анықтадық. Сол жерде терісін видеоға түсіріп, акт жасадық. Табылғаны 7 жылқының терісі ғана, қалғаны қай қаладағы мал базарына сойылып кеткенін білмей отырмыз, әлі күнге белгісіз. Жалпы ауыл адамдарының 43 жылқысының 28-нің дерегі жоқ, - дейді Қадыржан САДИЕВ.
- Мал базары құжатсыз жылқыларды қабылдаған ба, сонда?
- Жылқылардың құжаттары түгел болған, сол себептен біздің қабылдамауымызға негіз жоқ дейді мал базары басшылары. Құжатты Батыс Қазақстан облысынан жасатқан деді, бірақ бізге көрсетпеді. Жазған арызымызға талонды да кеше ғана алдық. Біздің күдігіміз көп базарға байланысты, бұрын арық мал болса базар қабылдамайтын. Кеше барсақ бір күнде арық, буаз малдар сойылып жатыр, неге мал базарлары тексерілмейді, қайдан әкелінген жылқылар екені неге анықталмайды? - деп ашуланды Садиев.
Осы тексерістен кейін мал базары уақытша жабылды. Қ.Садиев мал базарындағы тексеріс кезінде түсірілген видеоларды жіберді. Видеода иесінің салған таңбасы көрінген жылқы терілері жерде жайрап жатыр.
- Ақпан айының басында малымды түгендеп қарап кеттім. 24 ақпан күні таңертең ауыл адамдарынан Махамбет ауданының полиция қызметкерлері ұрланған жылқыларды ұстапты дегенді естідім. Ағам барып қарағанда менің айғырыммен бірге 12 бас жылқым болып шықты, ауылдасым Шамғонның үш жылқысы бар. Бұл табылғаны. Тексере келгенде мал базарында сойылып кеткен 7 жылқымның терісі табылды. Ал кейбір терілерді анықтау мүмкін болмады, тіліп бөлшектеп тастаған. Айналғанда 15 бас жылқым жоқ болып тұр, қайда кеткенін білмейміз, - дейді Руслан ҒҰБАЙДУЛЛИН.
Тағы бір зардап шегуші Шамғон БЕКЕНОВТЫҢ 13 бас жылқысы жоқ.
Ауыл адамдары бірлесіп адвокат жалдапты. Себебі, бұл қылмыстық істің жабылып қалмай, ақырына дейін жетуін қадағаламақшы. Көктоғайлықтардың айтуынша Ермек деген адамнан күдіктенеді, әрі бұл бір адамның ісі емес дейді.
- Біз сол адамнан күдіктенеміз, бірақ ұсталмаған ұры болмай тұр ғой. Ұйымдасқан қылмыс болуы мүмкін, - дейді күйінген тұрғындар.
Мал ұрлығы бұрыннан бар
Жиналғандар мал ұрлығының бұрыннан барын айтады. Тіпті мал өлігін таппай қалуы күдіктерін еселеп жіберген. Ауылда жұмыс көзі тапшы, малмен күнелтіп отыр десе болады. Алайда мал ұстап, оны өсіру қиындап бара жатқанын айтады жиналғандар. Бүгін жайылыстағ жүрген мал - ертесіне жоқ болады дейді.
Бейімбет ҚАЛАМҒАЛИЕВТІҢ мал ұстап өсіріп жатқанына он жылдай болды.
- Бұған дейін жыл сайын малымыздан бір немесе екі бас жоғалып тұратын. 2024 жылың 5 қаңтарынан бері бір үйір жылқым жоқ болып кетті, яғни жеті бас. Табылар деп үміттендік, мал іздеген түрлі чаттарға жаздым, осы жерде жүреді-ау деген жерлерді қарадым. Ол былтыр төлдеуі керек еді, ұшты-күйлі жоқ. Үмітсіз емес едім, мына жағдайдан кейін күдерімді үзе бастадым. Арыз бергенім жоқ еді, бір жерден шығып қала ма деп. Барлығы шамамен 4 млн теңгенің шамасындағы ақ адал малым еді, - дейді ол.
Бағытжан ҚАЙРОЛЛАҰЛЫ өмір бойы мал баққан адам.
- Бұрын дәл осындай мал ұрлығы болмайтын. 2022 жылы бір түйем даладан жоғалды. Өткен жылы бір тайлағымды таппай қалдым. Өлсе өлігі болар еді, зым-зия жоқ. Бұдан үш жыл бұрын бір ұрыны ұстап, ақыры босап кетті. Енді мүны аяқсыз қалдырмау керек, - дейді ол.
Жоғардағы мал ұрлығына байланысты облыстық ДП сұрау салғанбыз. Баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТТЕН мына тұрғыда хабарлама келді:
- Атырау облысының полиция депарментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде Махамбет ауданы аумағында 28 бас жылқы малын ұрлады деген күдікпен 45 жастағы күдіктіні ұстап, қамауға алды. Қазіргі таңда ірі көлемде мал ұрлығы дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
Алайда көктоғайлық тұрғындар ұрының жалғыз емес екенін, бұл ұйымдасқан қылмыс екенін дәлелдеп шықпақшы.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау 0