Атырау, 21 желтоқсан 13:42
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Атырауда Азаттық, 42а үйдің тұрғындары бір аптадан бері газсыз отыр

910 рет қаралды
Көрнекі сурет

21 ақпанда үйдің екінші және үшінші подъездерінен қатты газ иісі анықталғаннан кейін газды ажыратып тастаған. Апат қызметі шұрасын дереу жауып, жарылыс қаупін жойды. Алайда тұрғындар кейін жаңа проблемаға тап болды: коммуналдық қызметтер өзара келісімнің жоқтығынан жөндеуді кейінге қалдыра берген.

- Материалдарды сатып алдық, бірақ жұмыс басталған жоқ. Бізге жаңа вентиль орнату керек екенін, бұл қосымша шығын екенін айтты, - дейді үй тұрғыны Балтабек ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.

Қазіргі уақытта пәтерлер газсыз қалып отыр, оны қосудың нақты мерзімі белгісіз. Үй тұрғындары билік пен коммуналдық қызмет өкілдерінен түсініктеме беріп, мәселені тез арада шешуді талап етті.

Анықтама үшін: үй 1969 жылы желтоқсанда пайдалануға берілген. Бұл қаладағы терможаңғырту жұмыстары жүргізілген 28 ғимараттың бірі. Бұл туралы «АЖ» өткен жылы жазған болатын.

Б.Құрманғалиев терможаңғырту барысында ғимараттың жертөлесіндегі құбырлар ауыстырылып, кіреберістерде электр кабельдері жаңартылғанын айтты. Қабырғалары әктеліп, сырланған. Баспалдақ аралықтарына да кафельдер төселіп, домофондары бар жаңа есіктер орнатылған, барлық балкондар профлистпен қапталып, қардан қорғайтын төрт жағына сырғымалы шатыр орнатылған.

Жұмыс төрт айға созылып, 2025 жылдың қаңтарында бәрі дайын болды. Дегенмен, қуануға әлі ерте еді.

Бір-біріне сілтейді

- ...21 ақпанда екінші және үшінші подъезден газ иісі анық байқалды. Әдеттегідей телефон арқылы 104 мен ТЖМ апаттық газ қызметіне хабар бердік. Бұл қызметтер жедел әрекет етті. Дереу жетіп, екі кіреберістегі бекітпе крандарын жауып, ықтимал өртену мен жарылыс қаупін жойды. Енді газ желісіне кім жөндеу жүргізетінін сұрағанымызда ПИК-ке, яғни «Бәйтерек алаңы» ЖШС басқарушы сервистік компаниясына хабарласуға кеңес берді.

Өз кезегінде ПИК «ГазАймақпен» келісімі болмағандықтан, газ құбырларымен айналыспайтынын айтты. Бізді газды тұтынғанымыз үшін ай сайын есепшот жолдайтын  РКЦУ-ға жіберді. Ал олар жөндеу жұмыстарын жүргізбейтін болып шықты. Сөйтіп, РКЦУ бізді ТКШ-ға жолдады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі өз кезегінде газ жөндеу қызметіне жүгінуге кеңес берді. Сондай-ақ бізге ақша жинап, белгілі бір диаметрдегі бекітпе краны мен құбырлар сатып алу қажет екені айтылды.

Тұрғындар әр пәтерден 3500 теңгеден жинап, қажетті материалдарды сатып алды. Бірақ жаңа проблемаға тап болды: кіреберістегі бекітпе кранын ауыстыру үшін үйге газ беруді тоқтату керек. Ол үшін газ құбырындағы тоқтату вентилін жабу керек. Тоқтату вентилі өте алыста орналасқан екен, егер ол жабылса он шақты үй газсыз қалатын көрінеді.

– Бізге үйден тоқтату вентиліне ойық орнату керек екенін, бұл әр пәтерге тағы 5000 теңге болатынын айтты. Газ құбыры тартылған кезде жеке тоқтату вентильдері орнатылмағаны белгілі болды. Қаладағы газ қызметі жобадағы кемшіліктерін үй тұрғындарының есебінен түзетпек болғаны  түсінікті болды.

Оның үстіне, бұл ұзақ хикаядан қаланың коммуналдық қызметтерінде орнаған сұмдық тәртіпсіздік анықталды. Олардың ешқайсысы кімнің не үшін жауапты екенін, кімнің кімге бағынатынын, қандай коммуникациялық желілердің кімге бағынатынын, т.б. білмейді.

Ақпанның аязды ортасында көпқабатты тұрғын үйдің екі подъезіндегі 30 пәтердің тұрғындары осылайша газсыз қалды.

Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек ТӨЛЕГЕН жағдайға былайша түсініктеме берді.

– «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 36-бабына сәйкес көппәтерлі үйлердің меншік иелері ортақ мүлікті өз қаражаты есебінен ұстауға міндетті. Бұған ішкі инженерлік желілер, соның ішінде газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және электр желілері кіреді.

Осыған байланысты үй тұрғындары ішкі газ коммуникацияларын жөндеу үшін жауапты, ал коммуналдық қызметтер тек апаттық өшірулерді орындайды. Егер газ ақауын жою үшін бөлшектерді (вентильдер, құбырлар және басқа элементтер) ауыстыру қажет болса, тұрғындар оларды өз қаражатына сатып алуы керек.

Азаттық даңғылы, 42а мекенжайындағы үй тұрғындары газ беруді қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жиналыс ұйымдастыруы немесе қызмет көрсететін компанияға хабарласуы керек.

Ал «QazaqGaz Aimaq» АҚ Атырау өндірістік филиалы «АЖ» сауалына жауап берудің орнына, бір кездері осы үйдің тұрғынына жіберілген түсініксіз хатты жолдапты:

«Филиалдың негізгі қызметі - тауарлық газды газ тарату желілері арқылы тасымалдау және сату. Ал көрсетілген көппәтерлі тұрғын үйдің газ желісі газ тұтыну желісі болып табылады, яғни ҚР ҚН 4.03-01-2011 Ал көрсетілген көппәтерлі тұрғын үйдің газ желісі - газ тұтыну желісі болып табылады, яғни ҚР ҚН 4.03-01-2011 сәйкес «Газ тарату жүйелері – газ тарату желісіне қосылу нүктесінен газ тұтынатын жабдыққа дейін орналасқан және сыртқы және ішкі газ құбырларынан және олардағы техникалық құрылғылардан тұратын тұтынушылардың газ желісі технологиялық кешені».

Бұл ретте, 03.11.2014 жылғы № 96 Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларына сәйкес «пайдалану жауапкершілігінің шекарасы – газ тарату желілері мен газ тұтыну жүйелерінің мүліктік тиесілігінің ара-жігін бөлу нүктесі, ол сондай-ақ пайдалану жауапкершілігінің аражігін айқындайды, әдетте қосылу нүктесімен сәйкес келеді». Бұдан басқа, сіз көрсеткен газ құбырлары - ортақ үйдің инженерлік желілерінің бір бөлігі. Олар өз кезегінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының ережелеріне сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің бір бөлігі болып табылады, оны күтіп-ұстау кондоминиумды басқарушы компанияның міндеті. «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 19-бабына сәйкес, газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл үшін олар Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған мамандандырылған ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті. Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, өтініш беруші газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету бойынша қызмет көрсететін және жұмыстарды орындайтын мамандандырылған компаниямен шарт жасасу үшін өзінің кондоминиумын басқарушы компанияға жүгінуі қажет». 

 Дайындаған Айнұр САПАРОВА

28 ақпан, 13:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.