
Сәбиде туа біткен жамбас сүйегінің шығуы диагнозы қойылған. Мұндай оталар елімізде бұған дейін тек Астана қаласында жасалып келген.
Дәрігерлердің айтуынша, бала дүниеге келгенде жамбас сүйегінде ақау болған. 3 және 6 айлығында ортопед дәрігер “Туа біткен жамбас буынының шығуы” диагнозын қойып, дереу ем алу керектігін айтқан. Бірақ белгісіз себептермен ата-анасы баланы емдетпеген. Уақыт өте келе, бала жүре бастағанда ата-анасы оның ақсаңдайтынын байқап, қайтадан дәрігерге жүгінген.
Ортопед мамандар тексерістен кейін науқас Атырау облыстық ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды. Оған жамбас сүйегін орнына келтіру, сүйек құрылымдарын бекіту және буын қызметін қалпына келтіру бойынша кешенді операция жасалды. Бұл отаның негізгі мақсаты – жамбас сүйегін дұрыс орнына қойып, аяқ ұзындығының теңдігін қалпына келтіру. Операция барысында дәрігерлер жамбас сүйегінің ұясын тереңдетіп, сан сүйегінің орналасуын түзетіп, оны арнайы металл пластинамен бекітті. Операцияны тәжірибелі травматолог-дәрігер ЕСНАЗАРОВ Болат Нұртуғанұлы сәтті жүргізді, деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің айтуынша, операция сәтті өтті. Қазір бала оңалту кезеңінен өтуде. Арнайы жаттығулар мен физиотерапиядан кейін ол еркін жүре алады. Бұл отаның нәтижесінде бала болашақта ешқандай қиындықсыз жүріп, толыққанды өмір сүре алады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0