
Жылыой ауданы, Қосшағыл ауылындағы «Мейірім» бөбекжайының қызметкерлері есепшінің әрекетінен жарты жылдан астам уақыттан бері жұмыс барысын жолға қоя алмай жүр. Ол жалақыны кешіктіріп, балалардың ата-аналарына жоғары тарифпен есептеп отыр, басқа да мәселелер бар. Жұмысшылардың айтуынша, мәселе өткен жылдың тамыз айынан бері жалғасып келе жатқанымен, әзірге ешқандай шара алынбаған.
Шағымды Құлсары белсендісі әрі бастауыш сынып мұғалімі Жанар САҒЫНБАЙ Facebook желісінде жариялады. Ол мұны балабақша қызметкерлерінің өтініші бойынша жасағанын жазған. Сондай-ақ олар есепшінің еңбек тәртібін сақтамайтынын, басшылық талаптарын елемейтінін, барлығына дөрекілік танытатынын алға тартады.
Балабақша ұжымына қолдау білдірген Жанар есепшінің әрекетінің заңдылығын тексеруді талап етті.
«Керек десе аудитті өзім араласып, шақыртып беремін. Қызметкерлерді сыйламаған былай тұрсын, аяушылық жасамағаны үшін де өз жауабын алу керек», - деп жазады ол.
Жауапты органдарға жүгінген ол: «Қашан дұрыс жұмыс жасайсыздар? Әбден у-шу шығарғанда қозғаласыздар ма? Қоғамдық бақылау болмаса, нәтиже шығармайсыздар ма?» – деп сауал қояды.
Айтпақшы, қызметкерлер Telegram және eӨтініш жүйесі арқылы әлденеше рет шағым түсірген, бірақ олардың айтуынша, олар тек «қарастырылуда» деген ресми жауап алған.
Есепшінің ұжымға дөрекілік көрсететіні бөлек мәселе.
«Аузы лас, айтпайтыны жоқ. Айлығымызды сұрасақ "Байларың бар емес пе? Несие аларда менімен ақылдастыңдар ма?" деп көкиді. Курсқа кетсек, уақытында іс сапар ақымызды ала алмаймыз. Дәл бүгінгі күні басшымыз денсаулығы сыр беріп ауырып жатыр осы кісінің уайымынан. Қандай кеңес бересіз? Кімге жүгінеміз?» дейді ұжым ашынып.
- Жылыой аудандық білім бөліміне қарасты «Мейірім» бөбекжай ұжымынан шағым түскен сәттен бастап, жағдайды зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды, - деп жауап берді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі. – Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша «Мейірім» балабақшасының барлық қызметкеріне еңбекақылары толық төленіп, мектепке дейінгі мекеме меңгерушісіне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолданылды.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0