
Өткен жылдың 17 желтоқсанында «ҚазАвтоЖол» Атырау-Астрахань жолын қалпына келтіру жұмыстарының аяқталғанын салтанатты түрде мәлімдеді. Баспасөз хабарламалары, БАҚ-тағы мәлімдемелер сенімді болды. Алайда іс жүзінде жол дайын емес еді.
Еске сала кетейік, тұсаукесер 17 желтоқсанда өтті, ресми түрде Тәуелсіздік күніне орайластырылмаса да, бұл көңіл-күйден сезілген еді. Бәлкім, қателесіп отырған шығармыз, бұл жерде мүлдем басқа нәрсе бар болар?
Қызықты камера
Осы мақалаға материал жинап жүргенде желіден кездейсоқ Петропавл тұрғыны Дмитрий Р.-ның шағын, қызықты жазбасына тап болдық. Жігіт өзінің спортшы екенін және хард-эндуро (түрлі қиындықтағы кедергілерді еңсеру – Авт.) бойынша әлем чемпионатының Түркияға бағыт алған кезеңінде Астрахань жолымен жүргенін әңгімелепті. Содан кейін өз күшімен кері оралған. Бір қызығы, жол бойы заңға бағынған жүргізуші Атырау облысында белгілі бір жерде екі айыппұл алған. Бұл «Атырау» стеласынан он шақырымдай жерде болған.
«Мен төрт мемлекетті аралап, 10 000 км жол жүрдім. Ал әкімшілік полицияға қатысты екі мәселе дәл Атырау-Астрахань тас жолында туындады. Маған 624-шақырымда жылдамдықты асырды деп айыппұлдар туралы хабарламалар келді. Таң қалдым, өйткені көлікті өте мұқият жүргіземін, бірақ рұқсат етілмеген жерден өткен шығармын деп ойладым. Содан айыппұлды жеңілдікпен төлеп, бұл туралы ұмытып кеттім. Петропавлға қайтып келе жатып, трассаның қай жерінде жылдамдықты асырғанымды анықтамақ болдым. Хаттамада камераның координаттары көрсетілген, мен оны картадан таптым. Тіркегіштен видеоны қарап, заң бұзбағанымды түсіндім. Ол жерде ешқандай жылдамдық шектегіш жоқ екен. Жеңіл көлік 100 км/сағ жылдамдықпен жүре алады, ал камера 60 км/сағ-қа бапталған. Ал керек болса! Ақша төлегенім үшін емес, принципке барып, әділдікке қол жеткізу үшін заңгерге жүгіндім».
Жүргізуші айтқандай, ол көмек сұрап, астаналық заң кеңесшісі Светлана Рахматулинаға («Law Expert» орталығы») жүгінген.
- Айыппұл төленген, бірақ біз Дмитрийге көмектесуге тырыстық, - деді Светлана Анатольевна телефон арқылы сөйлескенде. - Өйткені бұл «тұзаққа» тағы қанша жүргізушілер түсуі мүмкін. Eotinish.kz платформасы арқылы мәселені қарау туралы прокуратураға өтінім жолдадық.
Содан кейін өтінім бір шенеуніктен екіншісінің қолына өткен. Соңында инспектор атыраулық Абренов Қ.А. «иә, камера бар, жол жұмыстары жүріп жатыр, айыппұлды жеңілдікпен төлеуге болады, шағым қарауға жатпайды» деп жауап берген...
Осыған орай біз шағым жолдадық.
«...Кенет шетелдік нөмірден қоңырау шалынып: «Айыппұлды өтейік, ал сіз шағымыңызды қайтарып алыңыз», - деді деп сөзін жалғастырды Дмитрий. – Яғни, біреу ақшамды қайтарамын деді, бірақ базада тәртіп бұзушы болып қала беремін екен. Ол учаскеде жол жұмыстары жүріп жатқанын, 60 км/сағ белгісі орнатылғанын, кейін 40 км/сағ қосылғанын, бірақ 60 км/сағ кері орнатуға ұмытып кеткендерін түсіндірді. Түзетеміз деп уәде берді».
Редакция өз кезегінде жұмбақ камераға қатысты да нақтылап сұрап, Атырау облыстық полиция департаментінен мынадай мазмұндағы жауап алды: «Атырау-Астрахань жолында «Трафик-Сканер СМ2» кешені жол қозғалысы ережелері бұзылғанын автоматты түрде тіркейді. 2019 жылдан бастап 616-833 км учаскесін қайта жарақтауға байланысты жылдамдықты 60 км/сағ деп белгіледі. Алайда полиция қызметкерлері 624 шақырымды тексеру барысында тиісті белгінің жоқтығын анықтады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі инженері жол жұмыстарын жүргізу талаптарын сақтамағаны үшін ӘҚБтК-нің 631-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты әкімшілік іс жүргізу тоқтатылып, төленген сома қайтарылды».
Дмитрий өзі төлеген екі айыппұл сомасының шынымен де қайтарылғанын растады.
Дегенмен, бір факт анық: 624-шақырымдағы камера үнемі жалған айыппұлдар тіркеп отырған және оның қанша уақытқа созылғаны белгісіз.
Айыппұлдар құпиясы
«Ақ Жайық» газеті жөндеу жұмыстарының аяқталғаны туралы хабардан кейін жүргізушілерге қанша айыппұл салынғанын анықтауға тырысты. Сұраным ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлыбай Сәбитке жолданды.
Сұраным барынша түсінікті әрі қысқа болды: 17 желтоқсаннан бастап (қайта жарақтау жұмыстарының аяқталғаны туралы хабарланған сәттен бастап) бүгінге дейінгі кезеңде Атырау-Астрахань жолында жылдамдықты асырғаны үшін салынған айыппұлдардың мөлшері мен саны туралы мәліметтерді ұсыну сұралды.
Бұған дейін ведомство бүкіл Атырау облысы бойынша деректерді ұсына қоятын. Бірақ Астрахань трассасы туралы нақты сауал е-өтініште көптеген бөлімнің арасында жоғалып кетті. Бірақ оны 12 орындаушы оқып, жауап бермеді. Ақырында ол Атырауға, жергілікті құқық қорғау органына келіп түсті.
Атырау облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Р.Мәжитов: «Атырау облысының ПД әкімшілік полиция басқармасы сұралған деректердің есебін жүргізбейді. Осы негізде сұралған ақпаратты бере алмаймыз».
Іс жүзінде жол бойында қалай?
«ҚазАвтоЖол» компаниясының сапаны бақылау және қабылдау бөлімінің бас маманы Айбек Оңғаровтан жолды аяқталды деп жарияланғанымен, іс жүзінде олай болмады, бұл қалай деп, тіке қойған сұрағымызға цифрлар мен шақырымдарды айтып, жалтара жауап берді.
Ол ұзындығы 272 шақырымдық жол учаскесі үш лотқа бөлінгенін хабарлады:
1-лот (621–648 км): «Лянкаран Йол Тикинти» ААҚ
2-лот (648–693 км): «Тодини Коструциони Дженерали С.п.А» АҚ
3-лот (693–753 км): «Ант Иншаат Маден Санай Аноним Ширкети» АҚ
А.Оңғаров төртінші лоттың да (753–833 км) бар екенін түсіндірді, бірақ мердігерді атамады. Бұл учаскедегі жұмыс 99,9 пайызға, қалған үш лот бойынша небәрі 85% орындалған. Бұл пайызда ауыспа жолдар, жол жиектерін нығайту, жол белгілерін орнату, автобус аялдамалары, беседкалар, шолу эстакадалары мен таңбалау жұмыстары аяқталмаған.
«621-753 км (132 км) аралығындағы учаскеде жұмыс аяқталмаған, қозғалыс жол жабынының үстіңгі қабатында жүзеге асырылуда. Трассаны қайта жарақтау жұмыстарын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда», - деп жауап берді А.Оңғаров оның 17 желтоқсанда таныстырылғанын мүлде ұмытып.
Қорытындылай келе, Атырау-Астрахань жолымен күніне бес мыңнан астам көлік жүретінін атап өткім келеді. Олардың бәрі айыппұл алған шығар, бәлкім, жолды қайта жарақтау жұмыстарының аяқталғаны туралы хабарландыруды оқығаннан кейін қазір де айыппұл арқалап жатқан болар. Трассада қанша айыппұл қаражаты түскені құпия болып қалып отыр.
Кім біледі, бәлкім, олардың көптігінен санау қиын болған шығар...
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -1