
Еліміздің мұнай-газ саласы тағы бір қадам ілгері басты. Солтүстік Каспий жобасының операторы саналатын NCOC компаниясы «АтырауНефтеМаш» ЖШС-іне Америка мұнай институтының (API) ресми 650 монограммасын пайдалануға құқық беретін сертификатын табыстады. Салтанатты жиынға Атырау облысы әкімдігінің және NCOC компаниясының өкілдері қатысты.
«АтырауНефтеМаш» ЖШС – мұнай-газ саласына арналған жабдықтар жасаумен айналысатын қазақстандық компания. Бұл сертификат өндіріс саласындағы компанияларға мұнай мен газ өндіруде пайдаланылатын құрама болат табақтары мен зауытта жасалған резервуарлар бойынша халықаралық стандарттардың талаптарына сай келетінін растау үшін API өткізген тексерулер мен сынақтардан кейін берілді.
API 650 — Америка мұнай институты дайындайтын стандарт. Ол мұнай және басқа да сұйықтықтарды сақтауға арналған резервуарларды өндіругілерге өнімдері стандартқа сай екеніне кепілдік беру үшін табысталады. Бұл тапсырыс берушілерге маңызды, өйткені сертификат резервуардың қауіпсіз әрі берік, сақтау функциясын тиімді атқаратынына кепілдік береді. Әлемнің бірқатар елі мен ірі компаниялар үшін API 650 стандарты маңызды талап саналады, сондықтан сертификатқа ие болу келешекте тапсырыстар санының артуына да оң ықпал етеді. Одан бөлек сертификат резервуарларды қолдану мен тексеру бойынша ұсыныс пен кеңес беріп, иелеріне құралды ұзақ әрі дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, API 650 стандарты бар резервуарлар жөндеуді мейлінше аз талап етіп, эксплуатациялық шығындарды азайтады.

Халықаралық сертификатты табыстаған салтанатты шарада NCOC компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Рую: «NCOC жергілікті қамтуды жетілдіру және дамыту бағдарламасы шеңберінде жергілікті өнім өндірушілерге ASME және API сияқты ауыр машина жасау саласындағы халықаралық стандарттар бойынша сертификаттаудан өтуге қаржылай қолдау көрсетті. Біз осы бағдарлама жергілікті өндірушілердің, соның ішінде «АтырауНефтеМаш» ЖШС-нің жаңа деңгейге жетуіне ықпал етіп, олардың Қазақстаннан тыс жерлерде де бәсекеге жарамдылығын арттыратынына сенімдіміз», - деп атап өтті.

NCOC өз саласында ғана қарқынды дамып келе жатқан компания емес, Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы үшін мүмкіндіктер жасай отырып, қазақстандық өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. NCOC жергілікті қамтудың дамуына және салаға заманауи технологиялар енгізуде белсенді ықпал етіп, осылайша қазақстандық өнім өндірушілердің дамуына және халықаралық аренада бәсекелесуіне мүмкіндік беріп отыр. NCOC компаниясы осы бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде қазақстандық 13 ірі өнім өндірушіге өндірістік қуаттарын кеңейтуге және дамытуға қолдау көрсетті.
Осы ретте 2024 жылы Атырау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 80 км қашықтықта орналасқан Қашаған алып мұнай кен орнын игеретін NCOC компаниясы тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алудағы жергілікті қамтуды арттыру бойынша жұмысты жалғастырғанын, оның үлесі жалпы шығындар көлемінің 60%-ынан асқанын атап өткен жөн.
В Атырау +1 

