
Былтыр өңірге Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан, Қытай, Украина, Тәжікстан және Түркия мемлекеттерінен 286 этникалық қазақ көшіп келді. Олар Атырау қаласы мен Қызылқоға ауданынан басқа алты ауданға қоныстанды.
Биыл Атырау облысы қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізіліп, 100 квота бөлінді. «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде көшіру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес олардың өтініштері негізінде қандастарды қабылдау квотасына енгендерге төлемдер беріледі. Көшуге арналған субсидиялар отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде төленеді.
Одан бөлек тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық мобильділік сертификаты беріледі. Ол тұрғын үйдің 50%-ын қамтиды және құны 1160 АЕК-тен аспайды. Бұл ипотекалық бағдарламамен үй алу мүмкіндігін де қарастырады.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының мәліметінше, биыл өңірге көшіп келген қандастар үшін алғашқы бір жыл ішінде тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындары өтеледі.
- Сонымен қатар, этникалық қазақтарға және шетелдік азаматтарға Қазақстанда 10 жыл тұруға және жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы ұсынылады. Бұл карта арқылы қандастар тарихи Отанына оралып, елдің дамуына өз үлесін қоса алады. Қазіргі таңда, «Ата жолы» картасы аясында 27 бизнес-иммигрант пен сұранысқа ие 38 маман Қазақстанға келіп, өз қызметін бастаған. Алайда, бұл бағдарлама бойынша Атырау өңірінен әлі өтініш түспеді, - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВА.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау облысында 20 адам қандас мәртебесін алған.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -2