
Атырау іргесіндегі Қарабатан кентіндегі ірі газ-химиялық өндіріс орны жоспарланған Теңіз кен орнынан АЭА-ға дейін сұйытылған мұнай газын тасымалдау үшін ұзындығы 213 шақырым болатын екі құбырдың құрылысы 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталуы тиіс, деп хабарлайды "Нефть и газ Казахстана" Telegram арнасы.
Диаметрі 40 см болатын құбырлардың бірі Теңіздегі қуаттылығы жылына 9,1 миллиард текше метр газды бөлу кешенінен жылына 1,6 миллион тонна сұйық этан тасымалдауға арналған.
Диаметрі 30 см болатын екінші құбыр «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) полипропилен өндіру зауытына жылына 360 мың тонна сұйық пропан жеткізеді. Қазір зауытқа шикізат теміржол арқылы тасымалданады.
Бұдан басқа, бұл құбыр «Теңізшевройл» ЖШС-не жылына 630 мың тоннаға дейін сұйық пропанды Атырауға, одан әрі ішкі нарыққа және экспортқа тасымалдауға мүмкіндік береді.
«ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны KMG PetroChem осы жылдың соңына дейін құбыр құрылысына EPC-F мердігерімен келісімшарт жасасуды жоспарлап отыр.
Құрылыс аяқталғаннан кейін құбырлар «ҚазМұнайГаздың» басқа еншілес ұйымы – «ҚазТрансОйл» АҚ-на беріледі.