Атырау, 21 желтоқсан 13:37
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Атырау облысында туберкулез ахуалы бақылауға алынған

559 рет қаралды

Бұл туралы бүгін ӨКҚ брифингінде облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Байтолла ҒАЗИЗОВ мәлім етті.

Бүгін, 24 ақпанда Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай 24 наурызға дейінгі айлық науқан басталды. Бұл шара туберкулездің алдын алу мен емдеу шараларын күшейтуге, халықты ақпараттандыруға бағытталған.

Б.Ғазизов хабарлағандай, соңғы он жылда өңірде туберкулезге шалдыққандар 1,7 есеге азайып, өлім-жітім көрсеткіші 2,6 есеге төмендеген. 

2024 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезге шалдыққан 315 науқас тіркелген. Бұл — 2023 жылдың осы кезеңінімен салыстырғанда 2,4%-ға төмен.

- Облыста туберкулезді ерте анықтау мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи диагностикалық әдістер қолданылуда. Өңірдегі туберкулезге қарсы барлық ұйым «Gene-Xpert, BACTEC MGIT-960, XDR, Bioneer» сынды инновациялық технологиялармен жабдықталған. Бұл дертке шалдыққан, алайда айналасын қауіп төндірмейтін науқастар тұрғылықты жеріндегі емханаларда амбулаториялық ем қабылдайды. 2024 жылы олардың үлесі 17,7%-ға артқан. Облыста дәрі-дәрмекке сезімтал науқастардың емделу көрсеткіші 93,1%-ды, ал дәрілік препараттарға ағзасы төзімді науқастардың емделу деңгейі 85,6%-ды құрады,- деді Б. Ғазизов.

Амбулаториялық деңгейде ем қабылдайтын науқастарға жергілікті мәслихат шешімімен 2015 жылдан бері ай сайын 10 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек төленеді. 2024 жылы бұл көмек 764 адамға берілген.

Облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары Гүлжанат БЕКБОЛАТОВА биылғы ұран: «Біз туберкулезді жеңе аламыз: міндеттейміз, қаржы құямыз, әрекет етеміз» болып бекітілгенін атап өтті.

- Айлық аясында республика көлемінде туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу тақырыптарында ақпараттық науқандар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, мектептер мен жоғары оқу орындарында дәрістер ұйымдастырылады,- деді ол.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

24 ақпан, 19:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.