
20 ақпанда Жылыой аудандық сотында қызметкер Амантай ӘЛІБАЕВТЫҢ ісі қарала бастады. Ер адам компанияда бір жыл сантехник болып жұмыс істеген соң жұмыстан босатылған.
Сотқа арызды оның мүддесін қорғап, «Машина жасаушылардың салалық кәсіподақ ұйымы» ҚБ филиалы берген. Филиалға Әлібаевтың өзі жетекшілік етеді. Сотта оның құқығын кәсіподақ өкілі Әнуар АЙТМУРЗИН қорғайды.
Салалық кәсіподақ Әлібаевтың жұмыстан босатылуын заңсыз деп тануды, қызметіне кері қайтаруды, мәжбүрлі жұмыста болмаған күндері үшін, моральдық залалды, жоғалтқан уақыты үшін шығын өтеуді талап етеді. Алайда сот талқылауы барысында «KazGlobalSolution» ЖШС өкілі Олег ПОЛЕНИН сот сұраған құжаттарды тиісті түрде ұсынбады.
Отырыс барысында Әлібаев Полениннен ТШО-мен жасалған келісімшарттың оны жұмыстан шығаруға қатысы бар-жоғын сұрады. Өйткені еңбек шартын бұзу кезінде сол келісімшартқа сілтеме жасалған. Поленин тікелей жауап бермеді, бірақ ТШО-мен келісімшартқа жасалған №2 қосымша келісімнің негіздеме ретінде қолданылғаны белгілі болды. Судья жұмыс берушінің өкіліне жалтара жауап бергені және сот талқылауына жеткіліксіз дайындалғаны үшін ескерту жасады.
Сот процесі мұғалім мен дайындығы жоқ оқушы арасындағы диалогқа ұқсайды. Поленин тіпті балағат сөздер айтып жіберді, бұл судьяның назарынан тыс қалмады. Сайып келгенде, ол еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың күшін жою қажет екенін мойындады, бірақ келісімшарт мерзімі бір жыл екенін, ал Әлібаевты қызметіне кері қайтарға тым кеш екенін айтты. Шағымданушы компанияның қатесін ертерек мойындауына не кедергі болғанын сұрады. Компанияда өзгерістер болғаны, жаңа топтың келгені, іс материалдарын зерделеген соң қателігін түсінген белгілі болды. Поленин өзінің компанияда жұмыс істегеніне жарты жыл болғанын атап өтті.
Салалық кәсіподақ Әлібаевтың атқарған жұмысы тұрақты сипаттағы жұмыс екенін, яғни еңбек шартының белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін еместігін алға тартады. Сонымен қатар, «Теңізшевройл» ЖШС-мен жасалған келісімшарттарда атқарылатын жұмыстар ұзақ мерзімді сипатта болады. Тиісінше, жұмыс берушінің бір жылдан аз мерзімге еңбек шартын жасасуға, тіпті қызметкерлерді мұндай шартқа қол қоюға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Бұған жауап ретінде Поленин бұл уәжді мойындау үшін кәсіподақ алдымен еңбек шартындағы жарамдылық мерзіміне қатысты тармақпен келіспеу керектігін айтты.
Бұл іс былтырғы маусым айынан бері жалғасып, сот отырысы талапкердің де, жауапкердің де, соттың да кінәсінен бірнеше рет кейінге шегерілді. Айтмурзиннің айтуынша, Жылыой аудандық сотының төрағасы М.Ысқақовтың тарапынан процессуалдық заң бұзушылықтар бірінші рет орын алып отырған жоқ: бұған дейін жауапкер «KazGlobalSolution» ЖШС болған басқа іс бойынша оған қарсылық білдірілген. Мәлімделген қарсылыққа сәйкес, судья Ысқақовтың туысы «KazGlobalSolution» ЖШС-де жұмыс істейді, судьяға қатысты ішкі қауіпсіздік бөліміне шағым түсірілген. Өткен жылдың 18 қыркүйегінде Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы А.Серікова Айтмурзиннің судья Ысқақовқа қарсылық білдіру туралы өтінішін қанағаттандырды.
Келесі отырыс 5 наурызға жоспарланған.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -1