
"АЖ" редакциясына хабарласқан Құрманғазы ауылындағы "Өркениет" ықшам аудан тұрғындары өгей баланың күйін кешіп отырмыз дейді. Бұл бөлікте тұратын халықтың басты проблемасы жол жайы болып тұр.
Кезінде Большая және Маленкая Красиловка аталған ықшам ауданға бұдан төрт жыл бұрын "Өркениет" деген атау беріпті. Бұл бөлікте шамамен 300-ге жуық түтін бар. Жауын-шашын күндері бұл ықшам ауданда тұратын үлкен, кіші адамдардың аяғынан резіңке етік түспейтін көрінеді.
- Өйткені асфальт жол жоқ, мүлдем төселмеген. Бұл бөлікке дейін "Рисводстрой" мекемесіне арналып салынған грейдер жолы болды. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін бұл жол да қараусыз қалып, істен шықты. Ақырында бүкіл жол жарамсыз болып, 30 жылдан бері көрген құқайымыз осы. Бұл жерге "Өркениет" деген атауды не үшін берген, өркендеп емес, өлмешінің күйін көрудеміз,-дейді ашынған тұрғындар.

Айтса айтқандай, таксистер бұл жаққа келгісі жоқ, ал жедел жәрдем көлігі жете алмай батып жатқаны. Ашынған тұрғындар бірнеше рет аудан әкімшілігіне аяқтай барып та, ал жиындарда да осы мәселені көтерген. Бірақ еш нәтижесіз дейді. "Жыл сайын жасалады дейді, уәделеріне тұрған емес" дейді жергілікті халық.

Редакция аудандық әімшіліктің баспасөз қызметіне хабарласқанда:
- Жалпы Өркениет көшесінің 2, 3 км жол мен жаяу жүргінші жолының сметалық жобасы жасалып, сараптамаға жіберілген болатын. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін осы жылдың тамызынан бастап асфальт төсеу және жаяу жүргінші жолының жұмысы басталмақшы. Ауданда жол жайын жақсартудың екінші кезеңі биыл жүргізілетін болады, - делінген жауап алды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -1