
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қызды көлігіне күштеп тиеп алған Е.-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Іс ҚР ӘҚБтКнің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды.
Еске салсақ, 18 ақпан күні 22 жастағы атыраулық өзімен құрдас қызды көлікке күштеп отырғызып жатқан видео тараған болатын.
Сотпен анықталғандай, азамат Е. өзінің танысы К.-ны оның келісімімен өзінің автөкөлігіне отырғызып, орта жолда бара жатқанда екеуінің арасында жанжал туындап, нәтижесінде К. әрі қарай барудан бас тартып, көліктен шығып кеткен.
Алайда, жігіт бұзақылық ниетпен, айналасындағыларға құрметпен қарамай және қоғамдық тәртіпті бұзып, К.-ның еркінен тыс, қарсылығына қарамастан, оған тиісіп, күшпен оны қайтадан көлікке отырғызып, үйіне дейін жеткізіп, ұсақ бұзақылық жасаған.
Жәбірленуші К. өз түсініктемесінде Е. оны үйіне дейін жеткізгенін, оған ешқандай талабы жоқ екенін көрсеткен.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты хабарлағандай, ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 5-тен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген.
Алайда өз кінәсін мойындап, әрекетіне өкінуі – құқық бұзушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде танылған.
Сот қаулысымен құқық бұзушы ол кінәлі деп танылып, оған 78 640 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0