
"QazaqGaz" ҰК " АҚ Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешов Джанкарло Рую бастаған North Caspian Operating Company (NCOC) делегациясымен кезекті рет кездесіп, Қашағандағы жобаларды іске асырудың негізгі аспектілеріне тоқталды, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында QazaqGaz топ-менеджментіне NCOC-тың жаңа басшылары – стратегия және бизнес жөніндегі директоры Франческа Лупо Стангеллини, жаңа әзірлемелер жөніндегі директоры Мария Димос және коммерция жөніндегі директоры Полина Щелкова таныстырылды. Өз кезегінде QazaqGaz Басқарма Төрағасы жаңа лауазым иелерін құттықтап, бірлескен жемісті жұмыстың одан әрі де жалғасатынына сенім білдірді.
Кездесуге қатысушылар қуаттылығы 1 млрд м3 газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылыс барысын талқылады. Санжар Жаркешов QazaqGaz келісімшарттық міндеттемелердің уақытында орындалуын бақылауда ұстап отырғандарын атап өтті. Ол сондай-ақ ГӨЗ құрылысының бас мердігері жұмыстарды белгіленген мерзімге сай атқарып жатқанын айтты.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар қуаттылығы 2,5 млрд м3 ГӨЗ салу жобасын іске асыру дайындығын қарастырды. Жұмыстың орындалу кестесі және ағымдағы прогреске ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, күн тәртібінде сұйытылған газ терминалын салу, сондай-ақ жоба аясында белгіленген міндеттерді орындау мерзімдері туралы мәселелер көтерілді.