
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жоспардан тыс талдау жұмыстары нәтижесінде компанияның өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдалану белгілерін анықтады.
Алынған мәліметтерге сәйкес, компания мұнай өнімдерін тасымалдау үшін пайдаланылатын вагон-цистерналарды ағымдағы жөндеу қызметтеріне монополиялық жоғары баға белгілеген.
Анықтама үшін, «Batys Petroleum» ЖШС - мұнай-газ секторында көлік қызметтерінің толық кешенін ұсынатын Қазақстанның темір жол саласындағы жетекші көлік-экспедиторлық компания. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ ресми экспедиторы. Компанияның Астана, Атырау, Шымкент, Павлодар, Ақтау, Қызылорда қалаларында, Достық және Өзен станцияларында, сондай-ақ Қазақстандағы 3 ірі мұнай өңдеу зауыттарында өкілдіктері мен техникалық қызметкерлері бар.
Бұзушылықтар расталған жағдайда, «Batys Petroleum» ЖШС ауыр салдарға ұшырауы мүмкін, оның ішінде жылдық айналымның 3-5%-ы көлемінде айыппұл, монополиялық кірісті тәркілеу және бағаны экономикалық негізделген деңгейге дейін төмендету туралы ұйғарым салынуы ықтимал.