
Дрон шабулына ұшыраған Каспий құбыр консорциумының қай жері зақымдалғаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ “Транснефть” АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылғы 17 ақпанға қараған түні сағат 00:22 мен 01:55 аралығында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) ең ірі мұнай айдау станциясы – "Кропоткинская" халықаралық азаматтық өндірістік нысаны жеті ұшқышсыз ұшу аппаратының (ҰҰА) жаппай шабуылына ұшырады. Бұл ұшқышсыз аппараттарды Киев режиміне бағынышты қарулы құрылымдар басқарған. Дрондар жарылғыш заттармен қатар металл сынықтарымен де жабдықталған.
Шабуыл салдарынан нысан қатты зақымданды. Шатыр қирап, жабық тарату құрылғысы, газ турбиналық қондырғы (ГТҚ), кабельдер мен кабель эстакадасы, су резервуары бүлінді, екі трансформатор, сүзгілер және ГТҚ өрт сөндіру жүйесі жойылды.
КҚК мамандарының пікірінше, аталған шабуылдың салдарын жою 1,5-2 айға созылады, бұл Қазақстаннан экспортталатын мұнай көлемін шамамен 30%-ға төмендетуі мүмкін.
КҚК құрамына Ресей, Қазақстан, АҚШ және Батыс Еуропаның жетекші энергетикалық компаниялары кіреді. Консорциумның негізгі өндірістік міндеті – Қазақстан кен орындарында өндірілген мұнайды тасымалдау. 2024 жылы тасымал көлемі 63 млн тоннаға жетті, оның 74%-ы америкалық және басқа да батыстық жүк жөнелтушілерге тиесілі.
Тек Chevron компаниясының өзі 2024 жылы КҚК арқылы 26,8 млн тонна мұнай тасымалдады, бұл америкалық корпорацияның әлемдік мұнай өндіру көлемінің шамамен - 20%-ы.