
11-16 ақпан аралығында Тараз қаласында өткен чемпионатқа еліміздің 16 қаласынан 18 бен 20 жас аралығындағы 750-ге жуық спортшы қатысты.
Жерлестеріміз командалық жарыста бақ сынады. Жекелей сында Табылды БИҒАМБАЕВ 60 келі салмақта алты кездесу өткізіп, үшінші орынға ие болды. Қыздар жекпе-жегінде Гүлхан ШЫҢҒЫСХАН 52 келі салмақта өнер көрсетіп, екінші орын алды. Дәмелі АСЫЛХАНОВА 63 келі салмақта, Айымзада ДУМАНОВА 78 келі салмақта үшінші орын алды.
- Командалық жарыстың бірінші раундында Павлодар облысын 4:2, екінші раундта Жамбыл облысын 4:3, үшінші раундта Түркістан облысын 4:2 есебімен ұттық. Финалдық кездесуде Жетісу облысының командасын 4:1 есебімен жеңдік. Бұл жетістікті Атырау облысы үшін тарихи жеңіс деуге болады. Осы чемпионатқа желтоқсан айында облыстық іріктеу өткізіп, қыздардың аға жаттықтырушысы Қалжан ТАЙЖАНОВАМЕН бірге дайындықты бастадық. Жеңіске жеткен жас спортшыларымыз әлем және Азия чемпионаттарына жолдама алды, - деді облыстық жастар командасының аға жаттықтырушысы Нұрболат ҚАНАТОВ.
Жарысқа Атырау облысынан 25 спортшы қатысты.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА