
Кеше Атырауда өткен жергілікті «Бейбарыс» пен көкшетаулық «Арлан» хоккей клубы ойыншаларының арасында келіспеушілік пайда болып, соңы төбелеспен аяқталды.
Әдетте ойыншылардың мұз алаңының ішіндегі қақтығысулары қалыпты жағдай, кейде жанкүйерлерді бір сергітіп алу үшін де шоу жасап, төбелесіп жатады. Ал бұл төбелес борттың сыртына шығып жұдырықтасуға ұласты.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада оларды хоккей клубының жаттықтырушылары, клубтың өзге де қызметкері араша түсіп жатқаны көрінеді. «Бейбарыс» хоккей клубының атқарушы директоры Сағындық МЕКЕЕВТЕН анықтағанымыздай, хоккейшілердің төбелесіне олардың бұған дейінгі ойында жиналып қалған бір біріне реніштері себеп болған.
- 13 ақпан күнгі бірінші ойында «Бейбарыс» көкшетаулық «Арланды» 3:2 есебімен жеңген болатын. Енді 14 ақпан күні өз алаңындағы осы ойында жеңсе, плей-офф-қа шығу керек еді. Алайда бейбарыстықтар жеңіліп бара жатқан соң, қарсылас команда миықтан күліп, олардың ашуларына тиген. Сөйтіп, алаңда басталған қақтығыс борттың сыртына шығап кетті, -деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, өз алаңындағы ойында«Бейбарыс» «Арланнан» 4:0 есебімен жеңіліс тапты.
Облыстық полиция департаменті былай деп хабарлады: «14 ақпан күні сағат 21:00 шамасында "Мұз айдыны" ғимаратында 21 жастағы екі хоккей ойыншысы арасында түсініспеушілік орын алып, арты жанжалға ұласқан. Екі спортшы да полиция бөліміне жеткізіліп, оларға қатысты бұзақылық дерегімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды. Жарақат алғандар жоқ».
Сондай-ақ, екі ойыншы да бірнеше ойыннан уақытша шеттетілуі мүмкін.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ