
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл. Осыған орай бүгін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты №15 мекемедегі кәсіптік колледжде жазасын өтеушілер мен Ауған соғысының ардагері Марат Аристанғалиевтың кездесуі өтті.
Тағдырдың жазуымен от пен оқтың ортасына түсіп, аман-есен елге оралған Марат Аристанғалиев бүгінде осы колледжде дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы болып еңбек етеді.

Кездесу барысында ол сотталушыларға өз өмір жолы, жастық шағында Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанып, кейін Ауған соғысына қатысқан сәттері туралы әңгімелеп берді.
– Ол кезде біз де жас едік. Ауғанстан – мұсылман мемлекеті болғандықтан, намаз уақытында дүкендер мен базарларда сатушылар болмайтын. Бірақ әркім өзіне керегін сөреден алып, ақшасын орнына қалдырып кететін. Осы жағдай мені адалдық пен ар-ұяттың маңыздылығын терең түсінуге үйретті, – деді ардагер.
Сондай-ақ, ол «Тәртіпке бағынған құл болмайтынын» айтып, бүгінде Ауған соғысына қатысушылардың еңбегі еленіп, Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілгенін тілге тиек етті.
- Тәрбиелік шара 1979-1989 жылдары ауған соғысының тарихи мағынасын ашу, студенттерге “ауған соғысы” туралы тереңірек мағлұмат беру мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіп, Отан үшін отқа түсіп, опат болған, жат жерде көз жұмған Қазақстан азаматтарын еске алу, жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру, жастардың патриоттық сезімдерін оятып, отансүйгіштікке баулуды көздейді. Мұндай шаралар мекемеде, атаулы датадарда өткізіліп тұрады, дейді шараның ұйымдастырушысы, 15-мекеме жанындағы колледждің экономика пәнінің оқытушысы Назгүл Сәлім.
Кездесу барысында жазасын өтеуші студенттер ардагерге сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0