Атырау, 21 наурыз 05:46
 ашықВ Атырау +7
$ 502.83
€ 545.37
₽ 5.95

Құлсарыдағы су тасқыны: өтемақысыз қалған тұрғындар сотқа жүгінуге мәжбүр

Бейнежазба
1 278 просмотра
Видеодан скриншот

Құлсарыда су тасқыны салдарынан зардап шеккен бірқатар тұрғындар өтемақы ала алмай отыр. Аудан әкімдігі жіберген бағалау комиссиясы үй шығынын есептегенімен, өтемақы төленбей жатқанын айтады.  

Құлсары қаласының тұрғыны Жұмабай Мұқанғалиевтің үйінің астынан су шығып, іргетасы жарылған. Тасқыннан бері қабырғалары сөгіліп, үйі күн санап тозып барады. 1999 жылы салынған баспанасына келген шығынды комиссия 14 миллион теңгеден астам деп бағалаған. Алайда әкімдік өтемақыны сот арқылы талап етуді ұсынып отыр. 

— Бағалау комиссиясының есебін не үшін сотта даулауым керек? Комиссияны әкімдік өзі жібермеді ме? — дейді ол. - Семейден келген бағалау комиссиясы шешімін шығарып, бағалап кетті. 139 үйге бағалау шыққан. Суға кеткендер, су астынан шығып жатқандар бар. Бірнеше жерге бардық, хат жаздық. Ешкім көмектеспей отыр. Жүре-жүре аяқ тозды, жаза-жаза қол шаршады, шаршадық, еш жауап  жоқ, немқұрайлы қарап отыр бізге. 

Тұрғын Гүлнар Бисенғожиева да жер асты суының салдарынан үйінің іргетасы сөгіліп, қабырғалары жарылғанын айтады. 

— Әкімдік жіберген үш бағалау комиссиясының шешімі шықты, бірақ өтемақымды әлі алмадым, — дейді ол. 

Гүлназира Абдуллинаның үйі Құрсай өзегінің жанында орналасқан. Ол он адаммен бірге тұрады, оның төртеуі — кішкентай балалар. 

— Қабырғалары жарылып жатқан апатты үйде өмір сүріп жатырмыз, кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін, — дейді ол. 

Абдуллина комиссия шақыртып, ылғалдылық деңгейін тексерткізген. Сарапшылар үй астынан су шығып жатқанын растаған. 

— Үйім Құрсай өзенінен 35 метр жерде. Үй көктеп, иіс шыққан соң, ылғалдылығын тексеру үшін комиссия шақырдым. Олар үй астынан су шығып, жарылып тұр деп, түсқағазды жыртып қарады. Үйімді комиссия 16 миллион теңгеге бағалады. Бірақ әкімдік өтемақыны бермей отыр. Су тасығанда Бейнеуге, Теңіз қалашығына барып паналадық. Кейін балалар ауылға қайтайық деді. Бірақ үйіміз жарамсыз болып қалды. Қанша рет әкімдікке бардық, олар «сотқа беріңдер» дейді. Бірақ соттан жеңіп шыққандардың өзі өтемақы алған жоқ. Үй асты судан лықып тұр. Жарық жерден жел кіріп, үй салқын. Жер ызғар. Комиссия мүшелері де үйге келгенде еден салқын екенін, табаннан сыз кіретінін айтты — дейді ол. 

Ислам Жолдыбаевтың да ауласына су кірген. 

— «Су үйге кірмеген» деп өтемақыны бермей тұр. Мен әкімдікпен соттастым. 2023 жылғы 28 қазанда сот менің талап-арызымды қанағаттандырды. Бірақ шешім орындалмады. Әкімдік сарапшы шақыртып, тағы арыз беруді сұрады.

Маусым-шілдеде Семейден келген бағалаушылар зиян көлемін шығарып берді. Ал оның ақшасын қолға бермей тұр. Үйіміз көктеп, жарылып жатыр. Ертең ауруға шалдығып қаламыз ба деп қорқамыз. Сабырмен күттік, төзім таусылып келе жатыр қазір. Президентке үнімізді жеткізіп, көмектессеңіздер бізге, - деді ол.

 

Сот шешімі және әкімдіктің әрекеті

2023 жылғы 22 шілдеде Жылыой ауданы әкімінің орынбасары, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар комиссиясының төрағасы Нұрболат Сарманов 139 тұрғынның өтінішін қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарған. Себеп - су басқан аймақта болмағаны және мобильді топтардың фото видео есептерін зерделеу нәтижелері. Тұрғындарға сотқа жүгіну керектігі айтылған. 

Алайда, сот Ислам Жолдыбаевтың арызы бойынша бұл хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жоюға шешім шығарды. Әкімдікке жер асты суының әсерін қайта зерттеуді міндеттеді. 

 

Жер асты суы: зерттеу

2025 жылдың 5 қаңтарында Жылыой ауданы әкімдігінде табиғи жағдайлар салдарынан келген шығынды бағалау және өтеу комиссиясы отырысы өтті. Онда комиссия төрағасы Нұрболат Сарманов  былтыр маусым мен шілдедегі комиссияның хаттамалық шешімдері заңсыз деп танылғанын растаған. Оның сөзінше, әкімшіліктер істер әлі де қаралып жатыр. Қазір осы талап-арыз бойынша Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында 59 талапкердің ісі қаралып, талаптары қанағаттандырылған. Оған қоса, аудан әкімі жер асты суын зерттеуге міндеттелген. 

Әкімдік сот шешімдерінің орындау мерзімін әкімшілік соттан алты айға, кейін үш айға ұзартуды сұрап, өтініштер жолдаған. Алайда нәтижесінде сотта қанағаттандырудан бас тартылған. 

Әкімдік жер асты суын зерттеуге мамандар тарту үшін «Алматыметрогеология», «Гидрогеология», «Тобылгидрогеология», «Атыраугидрогеология», «Батысжерқойнауы» мекемелеріне сұраныс жіберген. 

«Батысжерқойнауы» 17 қыркүйекте берген жауабында 1988 жылдан бері жүргізілген зерттеулерде Құлсары қаласында жер асты суларының деңгейі қалыпты болғанын және су басу қаупі анықталмағаны айтылған. 

Комиссия осы қорытынды негізінде 59 адамның өтінішін қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдаған. 

 

Әкімдік не дейді? 

Біз комментарий алу үшін Жылыой ауданы әкімі орынбасары Гүлнафиз АЙШУАҚОВАҒА хабарластық. Ол былай дейді:

— 2024 жылғы 10 мамырға дейін құжат тапсырған тұрғындардың өтініштері толықтай қаралды. Ал одан кейінгі өтініштер тек сот тәртібімен қаралады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысына сәйкес, азаматтар өтініштерін бір ай ішінде тапсыруы керек. Жер асты суларының әсерінен зардап шеккен жылжымайтын мүлік нысандары өтемақы төлемдеріне енгізілмеген. 

Оның айтуынша, тәуелсіз техникалық сараптама жүргізіліп, кейбір үйлерді жөндеу немесе бұзу туралы шешім қабылданған.

- 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккендердің санын анықтау және келтірілген залал мөлшерін есептеу мақсатында тәуелсіз техникалық сараптама жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу және бұзуға жататыны жөнінде шешім қабылданды.

Азаматтардың өтініштерін жедел қарастыру үшін барлық уәкілетті органдардың өкілдерінен тұратын комиссия құрылды, олар әрбір өтінішке жеке талдау жүргізеді. Айта кету керек, жер асты суларының әсерінен зардап шеккен жылжымайтын мүлік нысандары өтемақы төлемдерін төлеу тізіміне енгізілмеген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімдік мұндай өтініштерді қанағаттандыруға құқылы емес.

Құжаттарды рәсімдеудегі мәселелер немесе өзге де ерекшеліктерге қатысты ерекше жағдайларды комиссия қарайды, алайда түпкілікті шешімдер тек тәуелсіз техникалық бағалау нәтижелерімен және соттың шешімі негізінде қабылданады.

Сондай-ақ әр азамат егерде тұрғын үйі тасқын су салдарынан зардап шекті деп пайымдаса, өз тарапынан тәуелсіз бақылаушыға жүгініп әрі қарай сот арқылы талап беруге құқылы, - дейді Айшуақова.

Айнұр САПАРОВА

14 ақпан, 13:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.