
Сәтпаев көшесінде қарбалас уақытта патрульдік полиция қызметкері мен қала тұрғыны жол жиегінде алысып жатқан видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Мәселенің анық-қанығын полиция департаментінен анықтаған едік.
- 13 ақпан күні сағат 17:57 шамасында патрульдік полиция қызметкері Қ.Сәтпаев көшесінде апат шамы қосылып тұрған Toyota Prado көлігінің жанында екі азаматтың сөзге келіп тұрғанын байқайды. Тексеру барысында 1998 ж.т. жаяу жүргіншінің алкогольдік ішімдік ішкен күйде жол қозғалысына кедергі келтіріп, Toyota Prado жүргізушісіне былапыт сөздер айтып, қолын сермегені анықталды. Полиция қызметкерлері жағдайды реттеуге тырысқан сәтте 1998 ж.т. азамат заңды талаптарға бағынбай, полиция қызметкеріне қарсылық көрсеткен, - деп түсіндірді полиция департаменті.
Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігі, 434-бабы 2-бөлігі, 440-бабы 1-бөлігі және 615-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Азамат сотқа дейін Атырау ҚПБ әкімшілік қамауға алынды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ