Атырау, 28 наурыз 05:15
 ашықВ Атырау +11
$ 498.25
€ 537.16
₽ 5.96

Атырау облысында су тасқынына дайындық жүріп жатыр. Не жасалды?

Бейнежазба
1 103 просмотра
Фото: Атырау облыстық әкімдігі

Бүгін, 13 ақпанда үкіметте өткен селекторлық кеңесте Атырау облысында су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар мәселесі талқыланды.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, алдын ала бағалау жұмыстары бүгінгі ахуалдың былтырғы сценарий бойынша өрбіп отырғанын көрсетеді. Осы орайда бұған дейін соғылған бөгеттер реконструкцияланып, қалыпқа келтірілуде, қажетті қаржы қарастырылған. Материалдық-техникалық резервтер толық жинақтаулы.

Жол инфрақұрылымын қалыпқа келтіру аясында үкіметтік резерв қаржысы мен жергілікті бюджет есебінен 30 шақырым жол жөнделіп, 4 көпір қалыпқа келді. Бұған қоса, 13 мал өткелі салынып, бұрын су шәйіп кеткен 49 учаскеге су өткізу құбырлары қондырылды.

Жылыой ауданында Жем өзені мен Құрсай арнасының түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр - 95 шақырымның 80,3 шақырымы орындалды. Сондай-ақ жоспарланған 61 шақырым бөгеттің 29 шақырымы соғылды. Қызылқоға ауданының 9 ауылдық округі мен 5 елді мекенінде 41,9 км бөгет нығайтылуда. Индер ауданында қолданыстағы 34,5 шақырымдық бөгеттің қорғаныстық құрылыстары күшейтілсе, Махамбетте 105 шақырым бөгет салынды. Биыл қосымша 29,9 км бөгет нығайтылып, 12,4 км жаңа бөгет тұрғызылмақ.

Үкімет халық пен инфрақұрылымға ықтимал қауіптерді барынша азайту мақсатында су тасқыны маусымына дайындық барысын бақылауды жалғастыруда. Өңірдегі су тасқынына қарсы шараларға қанша қаржы бөлінгені әзірге белгісіз. Өткен жылдың желтоқсан айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ақ Жайық» редакциясы тілшісінің сауалына берген жауабында С.Шәпкенов қосымша ақпарат беруге уәде еткенімен, облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен әлденешет рет сұрағанымызға қарамастан, әлі күнге дейін мәлімет алған жоқпыз. Жыл басында бізге бюджеттің әлі нақтыланбағанын айтты. Қазіргі таңда облыстық экономика және қаржы басқармасы аудандар мен қала бойынша көрсеткіштер туралы мәлімет жинап жатқаны белгілі.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

13 ақпан, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.