
Индер ауданында жер телімдерін беру мерзімі нақты емес. Ал мыңдаған жер сұраушылардың арызы көп жылдан бері шаң басқан күйде жатыр.
35 МЛН ТЕҢГЕНІҢ СӘТСІЗ ЖОБАСЫ
Аудандағы басқа ауылдарды қойғанда Индербор кентінен жер сұраушылардың саны 4816 адамға жетті. Бұл сан жыл санап артып келеді. Алайда баспана салуға жер телімдерін беру алты жылдан бері кейінге шегерілуде. Индербор кентінде бос жер қалмады, енді кент тұрғындарына жер телімі қайдан беріледі деп бас қатырған аудан әкімшілігі 2010 жылы жасаған бас жоспарында кенттің оң жағалауы (екіортаны Жайық өзені бөліп тұр - автордың ескертпесі) Аққала ауылы жақты таңдаған болатын.
Осыған орай үш жыл бұрын 35 млн теңгеге егжей-текжей жоспарлау жобасы жасақталып, таңдалған аумақтың жері 1208 гектарды құраса, болашақта 17102 тұрғын үй құрылысы салынып, яғни 3117 жер учаскес і беріледі деген есеп болған. Бірақ аудандағы көзіқарақты мамандар бұл аумақты кезінде су басқанын айтып, қарсылық білдірді. Алайда олардың сөзін елемей, 26 км бөгет соғылатынын желеу еткен аудан әкімшілігі ақыры жобаны мақұлдап жіберді.
Өткен жылы жобада көрсетілген аймақты түгел топан су басты. Бұл жобаның сәтсіз қорғалғанын аудан әкімшілігі еріксіз мойындауына тура келді, бұрынғы аудан әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ шешімді бұзып тастады.
Облыстық құрылыс және қалақұрылысы басқарма басшысының орынбасары Гүлбаршын АРЫСТАНОВА және «АТС Град» ЖШС-нің бас сәулетшісі Қасиет ТАШИМБЕТОВ қатысқан аудандық әкімшілікте болған жиында бас жоспарда көрсетілген кенттің даму бағытын Аққала ауылы деп тану жобасы бұзылып, Алғабас-Жорық каналына (Бөдене ауылы жақ) қарай ойысты.
Осыған орай аудан әкімшілігіне берген сұрағымызға мынадай қызық жауап келді:
«Индербор кентінің даму бағыты Аққала ауылына қарай бағытталған. Қазір су басқан аймаққа инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген жоқ. Жасақталып жатырған кенттің бас жоспарының жобасында даму бағыты Алғабас-Жорық каналына дейін деп көрсетілген. Бас жоспар облыстық сәулет, құрылыс және қалақұрылысы басқармасымен әзірленіп жатыр».
Жобаның бұзылғанына бірнеше ай өтті, бұл не әзірлік? Сәтсіз жоба үшін қарайған қаржы шығарылғанымен ол желге ұшты, ешкімнен жауапкершілік сұралмауы қалай. Құқық қорғау орындары неге үнсіз.
ЖЫР БОЛҒАН 903 ЖЕР ТЕЛІМІ
«АЖ» редакциясына Индербор кенті тұрғындарынан жер телімі қашан беріледі деген сұрақ қарша борауда.
- Жерге арыз бергенімізге бірнеше жыл болды, неге ұзаққа созылып кетіп отыр. Бұған кім жауап береді. Неге басталған іс уақтылы аяқталмайды. Отбасы санымыз өсіп, балаларға үй керек болып жатыр. Біз жаңа баспана тұрғызамыз дегенше құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Индербор басында жер қалмады, бос жер жоқ. Неге біздің шенеуніктер болашақты қалайша алдын ала жоспарламайды?-дейді Ақтеңге апа қынжылыспен.
Аққала жақ бетте жер телімін беру жобасы бұзылғанымен оған дейін бас жоспарда көрсетілгендей Аққала ауылынан индерборлықтар үшін 903 жер телімін беру барысында алты жылдан бері инфрақұрылым тарту жұмысы жүруде.
«Байсын-А» ЖШС 63 км болатын су жүйесін, ал «Газстрой» ЖШС 273 млн теңгеге газ жүйесін тартқан болатын. Енді бітпей тұрғаны- электермен қамту жүйесі. Бұл жұмысты ұтып алған «ПромСтройЭнерго» ЖШС электр желісінің бағанасы мен трансформаторларды орнатып, кабельдер тартқан. Аудандық әкімшіліктің баспасөз қызметінің берген мәліметінде электр желісін тарату пуктіне қосу үшін қосымша құжаттар жинақталып, «Атырау-Жарық» АҚ-нан рұқсат алу жүруде екен.
Ал үй салу үшін жер телімін беру 2026 жылға шегерілген. Бірақ бұл да нақты емес.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор