
Жайық-Каспий бассейніндегі су айдындарында балық қорын сақтау, браконьерліктің алдын алу жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері балық қорын қорғау инспекциясының қызметкерлері 226 заңбұзушылықты анықтаған.
Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың мәліметінше, балық аулау ережелерін өрескел бұзған 14 факті бойынша материалдар сот органдарына жолданып, заң бұзушыларға 1,8 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Іс шараларды Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы құрылған мобильдік топтың аясында жүзеге асыруда.
- Жыл басталғалы Жайық, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жүргізілген рейдтік шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 350 кг-нан астам балық, 475 дана аулау құралдары және заңсыз әрекеттерде қолданылған 2 мотоцикл тәркіленді. Сонымен қатар, Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары өздерінің күнделікті жұмыстары барысында Жайық өзенінде аэрация (майна) әдісі арқылы қарсызаморлық шараларды жүзеге асырып, бөлініп қалған су айдындарынан шабақтарды құтқару жұмыстарын атқаруда, деді инспекцияның баспасөз қызметі.
Балық қорын қорғау жұмыстары жалғаса береді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ