
Атырауда 5 жасар бүлдіршінге қатыгездік көрсеткен жекеменшік балабақша тәрбиешісіне қатысты үкім шықты.
Бұл іс Атырау облысның кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Іс материалдарына сүйенсек, тәрбиеші сабақ беру кезінде тәрбиеленушіні ұрып жарақаттаған. Сот медициналық сараптама қорытындысында баланың оң жақ санында көгеру анықталған.
Қатыгездік танытқан балабақша тәрбиешісі ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі бойынша айыпталып, жинақталған дәлелдермен кінәсі толық дәлелденді.
Прокурор сотта сотталушыға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жазасын тағайындауды сұраған болатын.
Сотталушы мен оның қорғаушысы кінәларын толық мойындап, кешірім сұрап, қатаң жаза тағайындамауды өтінді. Жәбірленуші тарап та сотталушыға жеңіл жаза берілсе деді.
Сот сотталушымен қылмыстық теріс қылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, оның жеке басын, отбасылық жағдайын, қылмыстық теріс қылық әрекетті алғаш рет жасауын ескерді. Оның үстіне сотталушының кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетіндігі де назардан тыс қалмады.
Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуімен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыра отырып, 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (314 560 теңге) айыппұл жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА