
11 ақпанда Атырау облыстық соты «АГК Групп» ЖШС басшысы Әсемғали ҚУАНЫШЕВТІҢ пайдасына үкім шығарды. Сот шешіміне сәйкес, Қайыршақты ауылдық округі әкімінің аппараты су тасқынының алдын алу мақсатында Соколок каналындағы бөгетті нығайту жұмыстары үшін 625 миллион теңге берешегін өтеуге міндеттелді.
Су басу қаупіне байланысты төтенше жағдайдың алдын алу шаралары аясында 2024 жылдың 8 сәуірінде ЖШС мен Қайыршақты ауылдық округінің әкімдігі арасында келісімшарт жасалған. Келісімшарт бойынша мердігер 16 шақырымдық учаскеде бөгетті нығайту жұмыстарын жүргізуі тиіс болатын. Жоба құны 625 417 488 теңгені құрады. Дегенмен, Қуанышевтың айтуынша, шақырымы іс жүзінде бөгеттің 18,4 нығайтылған, бірақ келісімшартқа сәйкес 16 шақырымға ғана қаржы қарастырылған.
Бұдан басқа, сот Қайыршақты ауылдық округі әкімдігіне орындалған жұмыстар актілерге қол қоюды, 1 миллион теңге көлемінде шарттың тұрақсыздық айыбын төлеуді және келтірілген залалды толық өтеуді міндеттеді.
Әкімдік бұл жерде бірнеше компания жұмыс істегенін, ал кейбірі демеушілік көмек көрсеткенін алға тартты. Осыған байланысты бюджет қаражатын төлеу үшін бұл мәселені сот арқылы шешу қажет болды.

Қуанышевтың компаниясы бөгетті нығайтуға, соның ішінде жанар-жағармай, жөндеу және сервистік қызмет көрсету жұмыстарына толықтай атсалысса, басқа компаниялар арнайы техникамен қамтамасыз етіп, демеушілік негізде ғана көмек көрсеткен. Ол 4 маусымға дейін әкімдік ешқандай талап қоймағанын және жұмыс ақысын төлеуге уәде бергенін, кейін тексеру қажеттігін мәлімдегенін айтты.
Оның айтуынша, компания қызметкерлері қаланы су баспас үшін күні-түні жұмыс істеген.
Бұған жауап ретінде Атырау әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Серік ДЕМЕГЕНОВ бұл учаскеде үш компания жұмыс істегенін, ал «АГК Групп» жұмыстың 30 пайызын ғана орындап, 70 пайызын төлеуді талап етіп отырғанын атап өтті. Ол сонымен қатар әкімдік растайтын құжаттарсыз төлем жасай алмайтынын, өйткені барлық шығынды бақылаушы органдар тексеретінін атап өтті.
Ал Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапқат ҚАЛИЕВ бұдан бұрын «АГК Групп» ЖШС-нің қызметіне ақы төлеу мәселесін сот арқылы шешуді жөн көретінін айтқан еді.
Қуанышев қолында орындалған жұмысты дәлелдейтін құжаттары, фотосуреттер мен бейнематериалдар бар екенін баса айтады. Бірақ, соған қарамастан, әкімдік орындалған жұмыс актілеріне қол қоймаған.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -1